Өлеңдер ✍️
САБЫР ТҮБІ САРЫ АЛТЫН
Сендер «иман келтірдік» деп сыналмаймыз деп ойлайсыңдар ма? Рас, сендерден бұрынғыларды да сынаған едік. Сондай-ақ Аллаһ, əлбетте шыншылдарды да біледі, өтірікшілерді де біледі.
«Əнкабут сүресі», 2-ші, 3-ші аяттар.
Ей, бауырым, Аллаға иман еткен,
Төңірегін əрдайым сыйға бөккен.
Мұсылманға сынақтың келері хақ,
Сабыр етсең Аллаһым береді бақ.
Иə, білем... Шерің бар, қайғың да көп,
Қонған соң өмір деген айдынға кеп.
Саған біреу қиянат келтірсе де,
Сен оларға жасай бер қайырымдылық.
Көз алдыңда күлімдеп тұрмас ғұмыр,
Өлім деген пендеге алғашқы жол.
Сауап жина тырнақтап ықыласпен,
...Жəне сол ісіңде жалғасты бол.
Түскен бейнет болыпты жеңіл кімге,
Сынақ үшін берілді өмір бізге.
Біреу сені елдерге жамандаса,
Сен олардың сөзіне көңіл бөлме.
Жалғанда жоқ иманмен көнерген еш,
Имансыз жан бір күні өлем демес...
Сыртыңнан адамдар ғайбат қылса,
Одан сенің абыройың төмендемес.
Орын алып жатырса келеңсіздік,
Торығасың бөлмеде төбең сыздап.
Алайда, Құранда иманды адам,
Сынаққа жолықпайды – деген сөз жоқ!
Болмас сірə көз майын төкпелеген,
Сабырлының ғұмыры көктем екен.
Құдіретті Раббың көтере алмас,
Сынақты мойыныңа жүктемеген.
Бір топ адам қолпаштап мақтағаннан,
Алтын кірпіш болмайсың нақ қаланған.
Алла алдында құрметке лайықтылар,
Құран менен сүннетті сақтағандар.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter