12.01.2023
  556


Автор: Жәди Шәкенұлы

Анасы бар адамдар қартаймайды

– Аяулы шеше, сары ұлыңызды сағындыңыз ба? Сіз айтатын едіңіз:


– Саған жүкті болып жүргенде комунаның ауыр еңбегіне түстім. Еңбектен қиналып, белім удай ашып, отыра қалсам болды, отряд бастығы Хасеннің әйелі Ағибал тас лақтырып түрғызушы еді, – деп.


Шеше, сіз айтатын едіңіз:


– Сен туғанда еркек тоқты түгіл қоянның қалжасы да бұйырмады, сорпаланып күтінгенім былай тұрсын, жұмысқа қуылдым. Сен туылып жатқанда біздің әулетті "халық жауы" санап, "жоғалтайық, жоғалтайық!" деп ұрандап жатқан еді. Сен бәрін елемей өз үніңмен ғана іңгәләй бердің, – деп.


Сіз айтатын едіңіз:


–     Біз ауыр еңбекпен айдалып жүргенде, сен балалар бақшасына алындың. Талай бала өлді. Сенің су ішерлігің бар екен, балпанақтай болып, маңқиып отыра беретін едің. Жұрт сені бірде "аю" десе, бірде "балуан" дейтін, – деп.


Шеше, сіз айтатын едіңіз:


– Балам, құстың жұмыртқасы мен балапанына үйірсің, ылғида құстың балапанын бағып әуре боласың, балапанды сыңарынан, анасынан айырсаң қарғысы тиеді, – деп.


Шеше, соның бәрі менің кейінгі өмірімнің мысалы болып қалғанын сіз әлі білмейсіз. Мен өмірге келерде-ақ тас лақтырып қуғандар, әлі қуып жүр. Сіз қалжаға тоймадыңыз – мен бақытқа жарымадым. Бірақ, әлі де өз үніммен жар салып жүрмін. Балалар бақшасы – жатақтық ғұмыр болып жалғасты. Бірақ,


 


маңқиып бәрін де көтерудемін. Шеше, рас, ғұмыр деген қызық екен. Айбарымнан сескенгендер аю көреді. Таразыға тартқысы келгендер балуан санайды. Шеше, мен енесінен айырылған балапанмын. Сіз балапанынан айырылған ана құссыз. Егіз балапанды екі бөліп көп асыраушы едім. Кейінгі кезде келініңіз екеуіміз ажырасып тындық, немерелеріңізді бөліп бағатын болдық. Шеше, үш жылдың алдында қазан айының жиырмасында немерелеріңізді ертіп барып, сізбен қоштастық. Жанарыңыздың көлі шайқалып кетті. Көзіңізді жаулығыңыздың ұшымен сүртіп:


–     Сендерді енді көргенше өліп қаламын ба, кім біледі, –   деп кемсеңдедіңіз.


Шеше, сіз өлмейсіз. Немерелеріңіз өңі түгіл түсінде "Апа, апа..." деп оянады. Сізді сағынып жүр. Ұшарға қанаты жоқ.


Сіз хатыңызда:


–     Сендерді     сағынған     кездерімде    немерелерім     Сайын,     Мерей, Мейіргүлдердің жазған хатын қайта-қайта оқи беремін. Қағаз екеш қағаз да көз жасымен сарғайып кетеді екен. Сайынның жазған хатын ауық-ауық иіскелеп жастығымның астына басып ұйықтаймын – депсіз.


Ал, Сайын болса сіздің жазған хатыңызды тұмар салатын былғары қалтаға тігіп, жүрегінің тұсына іліп жүреді.


Шеше, сіз қартаймаңыз. Сіз қартайсаңыз біз де қартайып кетеміз.


Менің бір ғана алданышым бар, ол: "Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды" дейтін ән арқауы. Мен ешқашан "әкем жоқ" деген сөзге тағы бір "жоқ"-тың қосылуын көтере алмаймын.


Шеше, ендігі хаттарыңыздан дөңгелене оймақтанып түскен көз жасының ізін көрмесем екен. Бұрынғы аналар ұлын алыс жорыққа аттандырғанда: "Оқ алдыңнан тисін" деп бата береді дейді. Сіз де ез емес ер туған ардақты анасыз. Әлі-ақ шекара дейтін қызыл сызықтың қазықтарын көген шешіп үйренген киелі қолыңызбен жұлып-жұлып лақтыратын боласыз.


Шеше, сандығыңыздың түбіндегі ірімшік, құрт, майыңызды жинай беріңіз. Немерелі, шөберелі болып біз барғанда жетпей қалып жүрмесін.


Шеше, сізді сағындық. Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу