Ертегілер ✍️
АҚ БАЛАПАН
Алып Алтайдың асқар тауларының бір биігіне қыран бүркіт ұя салыпты. Ұяда екі балапаны болыпты. Екі балапанының бірінің түсі қара қоңыр болса, екіншісінің тұтас тұлғасы қоңырқай болғанмен қос иығы мен балақ жүндері аппақ екен. Енесі бірін «қара торғайым» десе, екіншісін «ақ балапаным» деп еркелетеді екен.
Күндердің бірінде құс үясын байқап қалған адамдар ұядағы қос балапанды алмақ болыпты. Ұяның төбесінен арқанмен салақтап тұскен әлгілер құс ұясына ілініп, балапанды ала бергенде, шаңқылдаған ащы үн шығыпты. Бар екпінімен зымырай ұшқан ана қыран балапанды алғалы жатқан адамды қанатымен қағып жіберіпті.
Сөйтіп адам мен қыран арасындағы шайқас басталыпты. Қараторғайға қолы жетіп, енді Ақбалапанды алмақшы болған адам, жартастан құлап кете жаздапты. Жат тілдегі жердегілер былдырлап, әлде нелерді айқайлап, оқ шығарыпты. Қыран сонда да алған бетінен қайтпай, адамды қанатымен соққылап құлатуға айналыпты. Бір балапанға қолы жеткен адам екншісін алмақ түгілі жанын олжа көрсе керек, үстіндігірге тартып алыңдар деген белгі беріпті. Қыран сонда да арқаннан тартып төбеге өрмелеп бара жатқан адамды қанатымен ұрғылап, қолындағы балапанды құтқарып алуға бар күшін салыпты.
Осы кезде «тарс» еткен мылтық үні шығып, ана қыран қанаттары жалбырап, құзға қарай құлап түсіпті.
– Ақбалапан, Ақбалапан, аман бол, оларға берілме! – деген үні ғана жаңғырығыпты.
Осылайша Қараторғай адамдардың қолында кетіп, енесінен айрылған Ақбалапан жетім қалған екен.
Ақбалапан енді өлместің күнін ойлапты. Адамдардың қайта айналып келуінен алаңдап, аяғын байлаған анасының тұсауын зорға шешіп, құздан төмен қарай ұша жөнеліпті. Бұрын мұндайды көрмеген ол қарағайдың басына соғылып қала жаздап, әрең дегенде бір жартастың төбесіне қоныпты. Осы кезде дауыл тұрып, нөсер құйыпты.
Жылы ұяда жатып мұндайды көрмеген Ақбалапан қатты қалтырапты. Қарны да әбден ашқан екен. Ол анасының арқар, құлжа секілді аң еттерін әкеліп өздерін тамақтандыратынын ойлаған сайын көңілі құдазып көзіне жас келіпті. Кейде анасы жемтіктерді бітеу әкеліп, оларға бұзып жеуді үйретеді екен.
Ойына осы көріністер оралған ол өзі аң ұстап жеуді ойлапты. Әуелі жерден құрт-қымырсқа теріп жеп жан шақырған соң, өрлі-қырлы ұшуға жаттығыпты. Сосын құз басында тұрған арқарға қарай шүйліге ұшыпты. Тырнақтары арқардың арқасына да іліккен екен. Арқар болса таудан құлағандай екпінмен таср-тұср етікізіп, тастардың арасымен ойнақтай қаша жөнеліпті.
Ақбалапан арқарды ұстау түгілі өз жанын әзер аман алып қалыпты.
Үлкен аңға шамасы келмеген ол мұңға батып отырғанда, анадай жердегі бір қаршығаның қоян ұстап жегенін көріп қалыпты. Ол енді қаршығаның сол өнерін қайталағысы келіп, қоян іздепті. Бағына жарай семіз көкше қоян кезігіпті. Жоғарыдан құлдилай зымараған күйі қоянды бас салыпты. Асау арқарға қарағанда әлсіз қоянды бірден бүктеп, өлтіріп жіберген екен. Осылайша ақүрпік – Ақбалапан өз күнін өзі көретін тірнек күйге жетіпті. Өздері ала алмаған Ақбалапанның әуеде жүргенін байқап қалған құсбегі адамдар, енді оған қастық сайлапты. Олар далаға айналдыра тор жайып, тордың ортасына ішіне шөп толтырылған қоян терісін тірі қояндай етіп байлап, бала қыранды шырғаға тартыпты.
Жейтін азық таппай аспанды шарлап жүрген Ақбалапанның көзіне әлгілердің шырғаға тартқан қояны бірден көрінген екен. Ақбалапан зеңгір көктен төмен қарай сырқырай ұшып, қоянды аламын деп торға ілккен екен. Аңдып отырған адамдар оны бас салыпты. Басына томаға кигізіп, аяғына шешілместей бау тағыпты.
Көрмеген қорлықты көрген Ақбалапан Қараторғайдың да осында екенін көріпті. Бірақ қараторғай адамдарға әбден үйірлесіп, соларға бауыр басып кеткен екен. Ақбалапанды көріп:
– Бұларды бастабында қатты жек көріп едім. Қазір бойым үйреніп кетті, -депті.
– Мен өлсемде ондай тірлікке көне алмаспын, – деген Ақбалапан қашып кетуге бекіпті. Адамдардың берген тамағын татып та қоймапты.
Амалсыз қалған адамдар оны бір үйге бос қамап, үй ішіне тірі қоян жіберіпті. Соны ұстап азықтансын дегені ғой. Осы орайда Ақбалапан бар екпінімен терезенің әйнегін быт-шыт етіп сындырып еркін көкке самғай жөнеліпті. Ақбалапаннан айрылып қалғанына өкінген адамдар енді ең соңғы шараға көшіпті. Ол қолға үйренген құсты қоя беріп, сол арқылы оның сыңарын қайырып әкелу әдісі екен.
Ақбалапан көп ұзамай өзіне қарай самғап келе жатқан Қараторғайды көріп, қатты қуаныпты.Бірақ қуанышы су сепкендей басылыпты. Жанаса ұшып келген Қараторғай:
– Інім, өз бетіңмен жүріп күн көргенше, адамдарға бағынышыты болып өмір сүргеніміз артық емес пе?Олар бізге адбаты тиіспейді.Тындырған ісімізге қарап, ақы-сиымызды да жасап отырады.Бізге қорғаныш болады, - деген екен.
– Жоқ, мүлдем керісінше, құлдықта жүріп, өзгенің тамағына тойғанша, еркіндікте адалдықпен күн көргенің жақсы.Басың басқаға байлаулы болып алтын аяқтан су ішсеңде бақыт емес. Нағыз бақыт - еркін жан иесі ретінде адал теріңмен дербес өмір сүру! – депті оған Ақбалапан.
Сөйтіп ағайынды балапандар екі айрылып ұша жөнелген екен.
Ақбалапан осылайша көк жүзінде, еркін аспанда қалықтаған болат топшы ақиық қыранға айналып, өз мұратына жетіпті.
Қазақ халқы сол үшін де қасиетті көк байрағының төсінен, алтын күн шапағының астынан ақ иық қыранға қастерлі орын берген екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter