10.01.2023
  286


Автор: Жәди Шәкенұлы

Ақ бота

 


 


Ақ бота алғаш туғанда әдемі еді. Ақ шудасы желкілдеп өркештері шошаңдап ойнақ салатын. Енесін емірене еміп, уызға тойып тайраң қағатын.


Жаз бойы енесімен бірге жүргенде бұл дүниеде өзінен бақытты ешкім бар дегенге сенбейтін еді.


Алтай бойына қараша келіп, ақ мылтық боран соқты. Алыс керуен бойында енесіне еріп келіп жатқан ақ бота адасып кетті.


Олай жүгірді, қар ұшқындары ұрғылап ештеңе көрінбейді. Бұлай жүгірді, өзен жарына келіп тірелді. Нәзік мұңлы дауысымен боздай берді, боздай берді. Бірақ ақ боран оның үнін жұтып әкетті.


Кенет, ақ ботаның көзіне қалың қардың арасынан шоқтай жанған қос жарық көрінді, ақбота солай бұрылып еді. Мәссаған, қасқыр екен. Жота жүндері күдірейіп бұған тұра ұмтылды, ақ бота бар пәрменімен қаша жөнелді. Қасқыр қуып келеді. Ырсылдаған үні тірсегіне таяғанда ақботаның бойында жан қалмады, “бітті, бәрі бітті!” деп ойлады, тарс еткен үн шығып, ақ болат қасат басқан ұраға құлады.


Қасқырда үстіне бірге құлады “өлдім” деп ойлаған ақ бота ақырын көзін ашса қасқыр үстінде жатыр, бірақ ботаға тиіспепті. Сөйтсе, жар басында аңшы ағай тұр екен. Ол қасқырды атып алыпты, сөйтіп ақ бота аман қалыпты. Аңшы ағай ақ ботаны үйіне алып келіп, қалың түйелерге қосты. Ақ інгенді енесіне ұқсатып жетіп барып еді, ол артқы аяғымен теуіп жіберді.


Ақ бота тағы да жылап жіберді, боздағанда мөлдір қара көзінен жас домалайды. Тағы бір інгеннің алдына барып шөп жей бергені сол еді, ол аузын арандай ашып бұған жынын бүрікті, әуелі алдынғы өркешінен тістеп үлгерді, тұра қашқан ақ бота тағы жылады. Ол дүниеде анасынан аяулы ешкімнің жоғын сезінді. Көз алдына анасы келді, тағы жылады. Ақ ботаның боздаған үні сай-саланы жаңғыртып жатты.


Енесінің ақ сүтін аңсаған оның таңдайына шөп жақпай әбден ашықты, әдемі тіп-тік өркештері жапырайып қалды. Аяз күндері басқа боталар енесінің бауырына тығылып жылынғанда, бұл дір-дір етіп жылап тұратын еді. Бірақ қанша боздасада енесінің енді оралмайтынын білді. Ендеше ақботаға қалайда өмір сүру керек болды.


Ақыры ақ бота қайратына мінді, тал басына мойнын созып бұтақтардың бүрін жеуді үйренді, ши түбінің ұйысқан қияқтарын жұлып жейтін болды. Асау інгендердің артына бая атандардың алдына тұрмайтын болды. Өзін басқа боталармен ұқсас санап, олармен тайраңдап жарысатын болды, жарысқанда ақбота бәрінен озатын еді.


Ақ ботаның басқа боталардан мықты болып, тез есейіп келе жатқанын көрген баяғы аңшы ағай оның өркешіне әдемі ақ үкі қадады. Бұл күні ақ ботаның қуанышында шек болмады. Ақ үкісі бұлғаңдап олай-былай шапқылады, адасқан енесі қайтып келгендей қуанды.


Ақ бота шынында тез өсті. Иесі оған аздап жүк те арта бастады. Арқасына жүк батқан ақбота алғашында бірақ тулап та көрді, ақыры бәрін көтерді. Араға айлар салып ақ бота тайлақ болды, тайлақтан есейіп атанша болды.


 


Жұрт ақ ботаға шаңырақ салып, керуеннің бірінші бұйдасын тақты, көш алдында келе жатқан баяғы ақ бота, қазіргі ақ атан тағы да боздап қоятын еді. Оның көз алдында екі көзі мөлдіреген, ақ шудасы желбіреген, ақ уызын берген аяулы енесі тұратын.


Қазіргі түйелердің боздауы сол ақ ботадан қалған зар екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу