10.01.2023
  396


Автор: Жәди Шәкенұлы

Торғайдың балапаны

 


 


Суық торғай кілеттің дөдегесінен бір қуыс тауып, оған мамық жүн тектес ұсақ жұмсақ нәрселер әкеліп ұя салды. Онан соң кішкентай балапандарының дүниеге келуің асыға күтіп жұмыртқа басты. Ақыры жұмыртқаны үшкіл сары тұмсықтарымен жарып шығып, балапандар да бір-бірлеп дүниеге келді.


Ең алғаш көзін ашқан балапанның бірі ұяның қабырғаларына қарап шиқ-шиқ етіп:


– Апа, апа, біздің ұя не деген кең, ә! – деп сұрады.


– Иә, біздің ұя кең, – деді шешесі аузына тістеген шегірткені оған беріп жатып.


Балапандар бір-екі күнде-ақ түгел жұмыртқа жарып шықты. Бір ғана жұмыртқа шіріген екен, оны ана торғай сыртқа шығарып тастады. Балапандар енесіне жармаса шулап:


– Маған, маған, маған тамақ! – деп таласа аузын ашатын. Енесі әкелген азығын оларға бөліп беріп:


– Тағы да, тағы да әкелемін, – деп кең жайылымға, не болмаса жусаңды қырға қарай ұшып кететін.


Әлгі ересек балапан жанталаса ұяның ернеуіне жақындап енесінен: – Апа, апа, ұяның аузы не деген кең, ә! – деп сұрады. Енесі оған:


– Иә, біздің ұяның аузы кең, – деді.


Қара қанаттана бастаған балапандар енді қанаттарын әлсіз қағып, ұяның аузына қарай ентелейтін болды. Енесі жоқта ұяның аузына келген әлгі балапан:


– Охо, дала не деген кең, біздің ұямыз не деген биік, – деп айғай салды. Жақын маңнан ұшып келген шешесі оған ұрсып:


 


– Енді ұяның аузына шықпа, домалап кетесің, домаласаң аңдыған ала мысық иә шұбар жылан қағып әкетеді, – деп зекіді. Балапан оған:


– Біздің ұя соншалық биік тұрса, олар қайтып шыға алсын, біздің ұямыз шынында биік, ә? – деді. Шешесі:


– Иә, біздің ұямыз биік, – деді оған.


Күндер өте келе балапандар қара қанаттанып, енесі оларға ұшу машығын үйретті. Онан соң бірден сыртқа шығарып ұшыра бастады. Бәрі де қанаттарын тырмыса сермегенімен, ұзақ ұша алмай жақын маңдағы ағаш басына қонды. Әлгі балапан тағы да:


Охо, ағаш не деген биік, ұядан да биік екен ғой, – деді. Енесі: – Иә, ағаш биік, – деді.


Балапандар қанаттарын қаға жүріп, жанталасып ұшуды да үйренді. Енді олар биікке де ұша алатын болды.


Енесімен қатарласа биік тау басына ұшып шыққан әлгі балапан тағы да: – Охо, дүние не деген кең! – деп алақайлады. Енесі оған:


– Рас дүние кең, сен балапан шағыңда ұямыз кең деп едің, онан ұяның аузы не деген биік деген едің, енді тауға шығып айналаны кең екен дейсің, бұдан биік шырқауға ұшып шықсаң, онан да көп нәрсені көресің, – деді. Балапан:


– Мен сөзсіз күн сайын ұшуға тырысып, мұнан да биікке, мұнан да алысқа ұшамын, – деп енесіне серт берді.


Сонан бастап әлгі балапан үзбей ұшуға жаттыға беріпті, жаттыға беріпті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу