10.01.2023
  984


Автор: Жәди Шәкенұлы

Әтеш пен бұлбұл

Ерте, ерте, ертеде әтеш пен бұлбұл араларынан қыл өтпейтін тату дос болыпты. Ол кезде екеуінің дене-тұрқы да ұқсас екен. Күндердің күнінде тау қойнауындағы ұяларының қасынан өтіп бара жатқан аспан перизаты әтеш пен бұлбұлдың:


– Біз әнші болсақ қандай жақсы болар еді? – деп армандап отырғандарын естіп қалыпты. Ол мұны естігеннен кейін олардың қасына келіп әнші болуды қаласа, үйрететіндігін айтыпты. Әтеш пен бұлбұл қуана келісіпті. Сонымен олар әнші перизаттан өнер үйрене бастапты. Бұлбұл орнынан таң сәріде тұрып, өнерге жаттығумен айналысады екен де, әтеш ұйқышылдау болып, кеш тұрады екен. Оның үстіне ол өзінің қызыл айдарын мақтан көріп, өзін бұлбұлдан артық санап жүріпті. Екеуіне бір жыл өнер үйреткен әнші перизат оларға:


– Сендер көп өнер үйрендіңдер, ендігі мәселе, сол өнерлеріңді өздерің дамытуларың керек, үзбей жаттықсаңдар өрелі өнерге ие боласыңдар, мен енді бір жылдан кейін келіп, екеуіңнен сынақ аламын, – депті де көзден ғайып болыпты.


Әтеш пен бұлбұл ақылдасып, екеуі екі тауда тұрып,өнерлерін жетілдіруге келісіпті. Бұлбұл таңнан жағы талғанша сайрайтын болыпты, тіпті оның үнін ормандағы аңдар мен құстар да қызыға тыңдайды екен, ал әтеш болса өзінің дауысының зорлығына сеніп, күні бойы ұясына кіріп, ұйықтаумен болыпты. Ол үнемі ұйықтағандықтан, боғағы салақтап, семіре бастапты. Әрі құйрығы да ұяда үнемі жатқандықтан, қайырыла-қайырыла қайқая дөңгеленіпті. Сөйтіп ол бір жылдың өткенін де сезбей қалыпты. Уағдалы уақытта бұлбұл мен әнші перизат оны іздеп келіпті. Ұйықтап жатқан жерінен оятып алса да, әтешті әзер таныпты. Әтеш болса ерекше семіргендіктен, әуелгідей ұзаққа ұша алмайтын болыпты.


Әнші перизат бұлбұл мен әтешті қатар тұрғызып, жеке-жеке сынақ алыпты. Бұлбұл құйқылжыта сайрағанда, әтеш шаңына да ілесе алмай қалыпты. Бұлбұлдың соншама өнер үйренгеніне қайран қалумен бірге өзінің күні бой ұйқымен болғанын ойлап қатты ұялыпты. Ол іштей ұйқысын азайтуға ант етіпті. Әрі содан бастап әр күні ертемен тұрып өзінің зор дауысы арқылы басқаларды оятып, ізгілікті іс істеу байламына келіпті. Сөйтіп өз кінәсін мойнына алуды ойлапты.


Сол күннен бастап әтеш ұша алмайтын болып қалыпты да, оның есесіне таңнан тұрып шақыратын болыпты. Ал бұлбұл өзінің өнерін қанағат тұтпай, күні бүгінге дейін жаттығады екен.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу