Ертегілер ✍️
Торғайлардың дауы
Үйдің жанындағы бәйтерекке қонған торғайлар бір-біріне есе бермей әңгіме дүкен құрады.
– Осы біздер неткен шешенбіз, – дейді біреу.
– Бізге Алла –Тағала тіл мен жақты берген ғой. Күні бойы сөйлесек те жағымыз талмайды, – дейді екіншісі. Тағы біреуі:
– Тауықтарды айтам-ау, күні кешке дейін үндемей қалай жүреді екен, – деп таңдай қағады.
– Тауықтардың төресі қораз таң атар атпас елді ұйқысынан шошытып, бір екі айқайлағаны болмаса ол да белгілі ғой, - дейді тағы бір торғай.
Осылайша олар күні бойы дауласады. Дауды естіген қарлығаш торғайлардың қасына ұшып келеді. Әрі олардың неге дауласқанын біледі. Сонда қарлығаш оларға:
– Көп сөйлеген сөздің дәмі аз болады. Таңертеңнен кешке дейін сөйледіңдер, сонда не бітірдіңдер? Ана қоразды қараңдаршы, олар тәңертең ерте бар әлемді ұйқысынан ояту үшін бір-ақ рет шақырады. Оның дауысын тыңдаған бүкіл тіршілік оянады. “Таң атты” деген жалғыз ауыз сөздің өзі ат басындай алтынға бергісіз, – дейді.
Торғайлар ұялып жерге қарайды. Қораз болса шашақты айдары нұрланып қарлығашқа:
– Рахмет, рахмет. Қо,қо,қо, – деген екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter