Ертегілер ✍️
Бал арасы мен қара қоңыз
Ұшып бара жатқан бал арасы малдың жас тезегін домалатып бара жатқан бір топ қара қоңыздың:
“Дайын тамақ табамыз,
Үйімізге барамыз” – деген әнін естіп қалыпты. Сосын ара оларға:
– Сендердің де мен сияқты ұша алатын қанаттарың бар. Денелерің менен үлкен болмаса, кіші емес. Кешке дейін тезекпен айналысқанша гүлдің шырынын, шөптің нілін сорып неген өмір сүрмейсіңдер? – деп ақыл айтыпты.
Сонда қоңыздар:
– Ой, сен сияқты тау – тасты кезіп қиналғанша, кез келген жерге жапалап кеткен малдың жас тезегімен қоректену бізге әлде-қайда оңай емес пе! – деп шулап қоя беріпті. Олардың өзінің сөзіне иланбасын білген ара жасыл беткейге ұшып барып, алуан гүлдерден шырын жия беріпті. Әрі әр күн сайын жол бойынан ұшып өткенде жас тезекті домалатқан қоңыздарды көріп іштей қорланады екен.
Сонан, қоңыздарға құрғақ ақылдың өтпесін білген бал арасы күндердің бірінде оларды қонаққа шақырыпты. Алдарына қойылған дәмді балдан бас алмаған қоңыздар арадан мұндай тәтті нәрсені қалай жинағанын сұрапты. Ара оларға:
– Мен жерге жарық түскеннен қара кешке дейін ұшып гүлдерді аралаймын. Олардың тәтті шырынын жинап, осы балды жасаймын. Адал еңбектің жемісі қашан да дәмді болады ғой, - депді.
Қоңыздар қонақ асыдан шыққан соң екі жақ болып төбелесіпті. Бір тобы: “Біз де ара сияқты еңбектеніп тәтті бал жинайық” – десе, енді бір тобы: “Өйтіп жанды қинағанша өзіміздің дайын тезегіміз әлде қайда артық емес пе!” дейді екен.
Сөйтіп қоңыздар тобы екіге бөлініпті. Ал бұл күндері әдемі бақтар мен жасыл жайлауда гүлге қонып жүрген қоңыздарды көреміз. Олар әлгі араның ақылын алып, адал еңбек қуғандар екен. Ал одардың бір тобы сол баяғысынша малдың жас тезегін домалатып ата кәсібімен айналыса беріпті. Гүлдің шырыны мен шөптің нілін сорған сайын тамсанған қоңыздар:
– Адал еңбектің жемісі шынында тәтті болады екен ғой, – деседі екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter