10.01.2023
  255


Автор: Жәди Шәкенұлы

Қара нар мен ақ ешкі

 


 


Ерте, ерте, ертеде қара нар мен ақ ешкі дос болыпты.


Қара нар болса қашанда жүктің ауырын таңдап көтеріп, ешкі досына көмектесуден жалықпайды екен. Ал ақ ешкі болса ыстық болса тасқа секейіп шығып алып, суық болса қораға тығылып, қиындықтан қашып жүреді екен. Бір күні қара нар ешкі досының жалтақойлығын жақатпай:


– Досым өмірге келген    ссоң ыстықты да, суықты да. ауырлықты да, жеңілдікті де көресің. Бәріне көне білуің керек, – деп ақыл айтыпты. Мұны елемеген ақ ешкі:


 


– Мен болсам биік жартасқа шығып аламын. Шөптің Сонысын жеп, судың тұнығын ішемін. Қой екеш қой да маған ілесе алмайды. Жүнім де аппақ, – деп нардың ақылын тыңдамапты.


Күндердің күнінде бұлар алыс сапарға шығыпты. Жол бойы күн қатты ысыпты. Жазық даласа көлеңке боларлық бір тал ағаш жоқ. Су екеш су да кезікпепті. Күннің ыстығына шыдамаған ешкі жон терісі өртенердей болыпты. Тілі ауызына симай шөлдепті. Жүруге дәрмені қалмай қалған ешкіге нар өз көлеңкесін сыйлап:


– Менің көлеңкеме келіп, ақырын ілесіп отыр, деп бауырмалық білдіріпті. Енді бірде күннің көзіне бұлт ілініп, жаңбыр жауып боран соғыпты. Жауын аяғы бұошақ араласқан нөсерге ұласыпты. Кірерге тесік таппаған ешкі:


– Мә, мә, енді қайттым?! – деп жылап жіберіпті. Нар болса маң-маң басқан маңғаз қалпынан жазбай нөсерлі дауылға қарсы жүре беріпті. Нарға ілесе алмаған ақ ешкі ақырында құлап түсіпті. Ес-түссіз жатқан ешкіні арқасына көтерген қара нар ауылға аман-есен оралыпты.


Нардың жұмсақ шудасының жылуынан жаны қалған ақ ешкі есін жиған соң одан кешірім сұрап:


– Сіздің ыстыққа да, суыққа да төзе білу керек деген ақылыңызды тыңдамап ем. Соның кесірінен өлім ауызына барып қайттым. Кешіріңіз мені, – деп аяғына жығылыпты.


“Нардай төзімді бол” деген қазақ сөзі содан қалыпты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу