Ертегілер ✍️
Жалқау күшік
Бұрын бір ақ күшік болыпты. Ол сондай жалқау екен. Қыл аяғы біреу-міреу келе жатса, мыңқ етіп те үріп қоймайды екен.
Бір күні иесі көшіп бір жерге барып қонып, ертесі тағы көшетін болыпты. Бірақ жалқау күшік бір түп бұтаның түбіне жата беріпті де, иесінің көшкенін білмей қалыпты. Иесі күшікті іздеп шақырғанда, ол жалқаулықпен оянбай қойса керек.
Бір кезде күн төбеге таман келіп қарны ашқанда оянған күшік өзінің иен далада жатқанын бір-ақ біліпті. Айналасына жанталаса жүгіргенімен, ештеңе көрінбепті. Осы кезде күн бұлттанып, бұршақ аралас жаңбыр жауыпты. Бұршақ өн бойына тарс-тарс тигенде, күшік қыңсылап жылап қоя беріпті. Бірақ оның үнің естіген ешкім болмапты. Өне бойы малмандай су болған күшік тісі тісіне тимей сақылдап тоңыпты. Жаңбыр басылғаннан кейін, боран соғып, күшік тіпті қалтырапты. Жүгіре-жүгіре әбден әлі құрыған ол бір тастың түбіне келіп ұйықтап қалыпты. Бір кезде қарны ашып, тоңып, ояна келсе, түн ортасы екен. Жақыннан қасқырдың тықыры естіліпті. Мұны естіген күшік шошығанынан қозғала алмай қалыпты. Таң атқанша дірілдеп әбден қалжырапты.
Таңертеңінде жол бойынан бір көшті көріп, жүгіріп келіп көшке қосылған екен. Көштегі иттер мен күшіктер оны жабылып талапты. Өзі аш, өзі тоңған күшіктің өне бойы сауыс-сауыс қан болып өлуге таяпты. Осы кезде жоқ қарап жүрген иесі үстінен түсіп, оны үйіне әкеліпті. Босағада ыңырсып жатқан күшік өзіне-өзі күбірлеп:
– Бәрі де жалқаулықтың кесірі болды, – деп кейіпті. Ол содан бастап жалқаулықты тастап, түнімен үріп шығатын болыпты. Кейін келе қоян, түлкі, қасқыр алғанды қойып, аюмен алысқан жуан төбет болып шыққан екен. Бұлақ пен құрақ
Серуендеген бір топ бала аралдың әдемі көрінісіне қызыға қарап, табиғаттың көркемдігін мақтады. Мұны сырттан естіген бұлақ сыңғырлай күліп:
– Барлық сұлулық менің бойымда тұр, – деп алақайлай шапқылады. Оны естіген құрақ:
– Жоқ, барлық сұлулық менің бойымда тұр. Олар мені мақтады, – деді ырғала билеп. Сөйтіп, екеуі егесе-егесе келіп тау атаға шағынды. Тау ата оларға ләм-мим деп тіл қатпастан, бұлақтың суын бірте-бірте тартып тастады. Жағалауда сарғая қураған құрақ шөлдеген сайын:
– Бұлақ досым, бұлақ досым, құтқара гөр! – деп жалынды. Жалына-жалына әлі құрып, сарғая жерге құлаған құрақ есінен адасып сұлық жатып қалды. Осы кезде тау ата бұлақ суын қоя береді. Бұлақ шапқылап келсе, құрақтың бәрі сарғайып жығылған, маңай жап-жалаңаш екен. Мұны көрген басқалар да:
– Бұл бұлақтың бойы неткен көркісіз, – деп мұнда аяқ баспайтын болды. Бұлақ өзінің ағаттығын сонда сезіп, құрақтардың аузына су тамыза бастады. Есін жиған құрақ басын зорға көтеріп, бұлақты бас салып:
– Кешір досым, менің сенсіз күнім жоқ екен, – деді. Бұлақ та:
– Досым, кешір, сенсіз менің де күйім белгілі екен, – деп оны жұбатты. Осыдан бастап бұлақ пен құлақ мәңгі айырылмайтын дос болды.
Бұлақ бойының барлығының күні бүгінге дейін жап-жасыл болып тұруы әліге дейін жалғасып келе жатқаны сол достықтары екен.
Үй гүлі мен қыр гүлі
Күндердің күнінде үй гүлі мен қыр гүлі кенет кезігіп қалыпты. Қыр гүлін бойына тоғытпаған үй гүлі:
– Сыртынан қараса, сүйкімі де жоқ, жапырағы да бұжыр-бұжыр, өңін күн қақтаған мынау сиықсыздың кейпін-ай, масқара ғой! – деп ат бойын ала қашыпты. Қыр гүлі болса, самал желге желпіне басын көтеріп:
– Досым, сен мені қор санама. Екеуіміздің де тегіміз бір, тек гүлміз, сен болсаң бағбандардың мәпелеуімен үйде өстің, мен өзім тамыр тартып, өзім бой созып, табиғат құшағында еркін өстім, – депті. Бұған үй гүлі онан арман шамырқанып:
– Сенің далада өскеніңді қайтейін, менімен бой таластыруға қайтып дәтің барады. Түріңе қарасаңшы, деп онан арман шалқайыпты. Осы кезде самал жел қатайып, боранға айналып, іле-шала аспан бұлттап, бұршақ тарсылдап жауа бастапты. Боран мен жауған бұршақты елең құрлы көрмеген қыр гүлі онан арман құлпыра түсіпті. Ал жапырақтары тесіліп, өзі кірерге тесік таппаған үй гүлі қыр гүлінің жапырағының астына кеп паналап:
– Досым, сен дұрыс айтыпсың, мен ешқандай жапа-машақат көрмей ерке өсіп, өмірден бейхабар қалыппын, ал сен ыстық - суықты бастан кешіріп шынығып өсіпсің, кешір мені, кешір! – деп көзіне жас алыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter