10.01.2023
  219


Автор: Жәди Шәкенұлы

Қаз бен қарға

 


 


Жұрттың бәрі қазды мақтап:


– Қаз аспанда да ұшады, жерде де жүре алады, суда да жүзеді, – дейді. Мұны естіген қара қарға:


– Ғақ, ғақ, оның несі мақтан. Мен де ұша аламын, жерде де жүремін. Суға да жүземін, – дейтін. Мұны естіген басқалар:


– Қарға бауырым-ау, басқа өнеріңді білеміз. Бірақ, суда жүзгеніңді көрмеген екенбіз. Несіне өтірік мақтанасың, – дейді. Қарға онан ары еліріп:


– Ғақ, ғақ, сенбесеңдер көрсетейін, – деп суға қарай ұша жөнеледі.


Мезгіл қараша айы болғандықтан судың шетіне мұз қата бастаған еді. Қарға әуелі мұздың жиегіне қонады. Сосын ептеп суға түсе бастайды. Тастай суық су аяғын үсітіп жібереді. Қанаттары су боп тұншығып өлуге айналған оны. Қаздар құтқарады.


Бұл тамашаны көріп тұрған жағадағы құстар:


– Қарға қаз боламын деп аяғын үсітіп алды, – деп шулайды. Бұл сөз кейінгіге тәмсіл болып қалады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу