Әңгімелер ✍️
Өткелде ат ауыстырмайды
Қайыр қартты қазақтық қасиетін сақтаған әулет басы деп ел-жұрт айрықша сыйлайды екен. Күндердің күні қатты науқастанып, төсек жартып жатып қалады. Сонда бір күні жаналғыш Ғазірейіл дүниеден озғалы жатқан шалға келіп, қадір-қасиетін сынап көрейінші деп қартты қыспаққа алады. «Қазақтығым – үн қатпай жасы үлкенді сыйлап, кісіні тыңдап, тыңдай білуге үйренген, сөз байласса сөзге сай, іс байласса іске сай, мал-жанның, жан-ардың садағасы деп ала жіптен аттамай, бойын түзеп жігіт болған немерелерім», - дей бергенде, Ғазірейіл тоқтатып: «Әйелі күйеуінің бетінен алса, онда не болды?» - депті. Сонда қария: «Қатыны ерінің бетінен алды дегенің, бір отбасының қазақтығы өлді дегенің. Қазақтығы өлді дегенше, бір шаңырақтың ортасына түскені десейші! Әйел десек – «шашы ұзын, ақылы қысқа» болады деп, атын «Ана» қойып, «бақа басты еркекті зор ететін» қасиеті мен отбасының бірлігін, тыныштығы мен ұйытқысын қолына беріп едік қой. Жоқ, кет пәлекет! Қазақ әйелі отағасының бетінен алмас болар!» -дей бергенде, Ғазірейіл қарияны тағы тоқтатып: «Көрмей ештеңеге сенбеймін. Шақыр ана келініңді!» - депті. Келіні келгенше Ғазірейіл екінші түрге еніпті.
«Ата, шөлдедіңіз бе?» - деп сусын ала келген келіні: «Нағашым келіп қалыпты ғой», - деп нағашысының кейпіне еніп отырған Ғазірейілмен амандасыпты. «Көрпе салайын, жастық алыңыз, шай қояйын» - деп құрақ ұшыпты. Сонда Ғазірейіл шалға:. «Енді ұлыңды шақырт!» - депті.
«Қиналдың-ау, әке қайтейін! Жеңіл болар ма екен, жарты ауруын маған берсеңші деп Алладан жатсам да сұраймын, тұрсам да сұраймын!» - деп күңірене кірген баласы, нағашысын көргенде: «Ә, құдайым, бере көр: әкем жазылар, нағашым келіпті. Өрістегі жалғыз атты әкеліңдер, сойыңдар!» - деп жығыла жабысыпты.
Сонда Ғазірейіл: «Әкесі мен анасы осындай болса, балалары одан әрмен қазақ болмаса, бермен болмас. Ақсақал, ошақ басын мықтап барады екенсің. Дегенмен, сен ой тастадың. Менің ісім – бір-бірлеп емес, адамдардың жанын мыңдап алу. Жақсы айттың, ой тастап барасың», - деп қазақ қариясының «ол қандай ой, қазағыма кесірім тие көрмесін» деп жалынғанына жауап бермей, жанын алған екен» дейді, аңызда.
Алаштың алаш болғалы, қазақтың қазақ болғалы есте жоқ ескі ғасырларда. Ғазірейіл талай рет талай айласымен қазақтың жанын мың-мыңдап ұрлап, тұншықтырып, жойып жібергісі келген...
Ашаршылық кезінде жапан даладағы тасбақа қазақ көрсе өзінен-өзі шыңғырып жіберетін болған. Алла - тағала мақұлықтың түйсігіне адамның аза бойын қаза қылатын кесепат үрейін сездірсе керек. Құдай адамнан бастап саналы мақұлықтың аранын аштыра көрмесін. Талай дұшпан қазақтың жанын көріп түңілген. Тас түйін берік, көрген, түйген, шыдампаз халықтың қасиетіне бас иген..
БҰҰ қасындағы ауыл шаруашылығы ұйымының статистикалық мәліметтеріне
қарағанда, биыл жұмыр жерде 930 млн адам аштық, яғни азық-түлікке зар болып отыр. Қазір де дүбірлі әлем үрейден үрпиіп бір қауызға сиып кеткелі тұр.
Ендеше қазақ тағы бір сынақ үстінде. Үлкен бір өткел үстінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter