01.01.2023
  329


Автор: Жанұзақ Аязбеков

Өмірдің құны

 


 


Ақкербез Тұяққа қатты ашуланды. Уәдеде тұрмады. Қарызға     алған ақшасын айтқан күні, бір ай өтті, әкелмеді. Өзі де жоғалып кетті. Ұялы телефоны - мылқау. Бесінші аптада Тұяққа тағы қоңыраулатты. Телефоны «тірілді». Ақтайдың даусы қырылдап, баяу естілді. Ақша таба алмай, ауылға барғанын,                                                                                           қалаға ертең келетінін, бәрін      де түсіндіретінін, мұны бар жан-жүрегімен сүйетінін жеткізгенде Ақкербездің талағы тарс айырылды. «Маған оның түсіндіргені емес, ақша керек!» Сазарып безеріп телефонын өшіре салды. «Бұл өзі кім деп жүр өзін? Мені кім деп ойлайды? Мені көнетікті біреу, көрдім, тастадым дейтін шығар, көрсетемін мен саған!» Бір жыл бойы жігітіне деген жүрегіндегі ең бір нәркес аяулы сезімі енді аяқ астынан кекке, өшпенділікке айналды. Ақкербез дереу ұялы телефонын алып сыныптасы Жоланның нөмірін тере бастады.


-     Ака, не болы?


-     Жол, кездесу керек.Сонда айтам.


Ақкебез Жоланмен кездесті. Айтты, түсіндірді, ол түсінді. «Короче, өзің біл. Отвечаю» - Ақкербездің соңғы сөзі. Ертең Ақкербез бен Тұяқ паркте шаңқай түсте кездесетін болды.


... Сол күні Тұяққа ызалы Ақкербез түнгі клубта түн ауғанша болып, үйіне кеш келген.


.. Ақкербез оянса, уәделі мерзімге он бес –ақ минут қалыпты. Жалма-жан атып тұра киініп, көшеден таксиге отырды. Бес минут қалғанда жетті. Жолдың арғы беті-уәделі жер.. Алыстан Тұяқ сұлбасы көрінді. Ақкербез жалма-жан жолды кесіп жүре берді. Арғы бетке жете бергені сол, оң жақтан зу еткен джип, сигналдың айкәпір даусы, Аккербездің көз алдында жуан джип доңғалағы.. дүние шыр көбелек айналып бара жатты. Сол сәтте Тұяқ оқтай атылып Ақкербезді доңғалақ табанына тигізбей жұлып алған еді. Бірер минуттан кейін Ақкербез Тұяқтың құшағында көзін ашып алды, дін аман екен. Тұяқ сүйіктісіне елжірей қарап тұр. Ақкербездің көзінен мөлдіреген екі тамшы төмен қарай сырғи жөнелген..


Кенет бір тыз-тыз етіп жұлдыздай аққан оқ Тұяққа қақ маңдайына тиді де, бет-жүзінде от лап ете қалды.                                  Тұяқ тәлтіректеп барып , бетімен топыраққа құлады. Қалтасынан домаланған ақша орамы сусып түсті. Ақкербез де есі шығып, жалма-жан айналасына қараған. Алыстан бір сәт Жолан қарасы жылт етіп көрінді де жоқ болды..


Тұяқ ауруханаға жеткенше көз жұмды. Апырай, несін айтайық, Тұяқ жеті атасынан қаракөк дейтін текті әулеттің соңғы тұяғы екен. Әулеттің шаңырағы ортасына түсті. Бұл болған оқиға..


..Кеше ғаламторда жүр, Батыс Қазақстан облысында бір қыз ұялы телефонынан ғашық жігітінің асылып өлген суретін көреді. Қыз мұндай тосын жайға шыдай алмай, енді маған өмірдің мәні жоқ деп өзіне қол жұмсайды. Ал шынында бұл жігіттің достарымен қызға жасаған тосын әзіл-қалжың «сыйы» екен. Алақандай суреттен ажал құшқан қызының хабарын естіген жігіт ғашығының бұл үшін өмірін қиғанын естіп, бұл да барып асылып өледі. Сөйтіп айдың күні аманда, қараптан-қарап жүріп, дарақы әзілдің кесірінен екі жас жуадай солды.


Бұл не сонда: адам өмірінің түк құны болмағаны ма? Адам қалай болса солай ойнай салатын, жалығып бара                       жатса,      күресінге итере салатын қоқысқа айналғаны ма? (Айтпақшы, дүниеге шыр етіп келген сәбиді қоқысқа тастай салатын сұмдыққа бір зауал болмай тұр).


Ал енді сонда: жастарымыз бір-бірін «сүйдім-күйдім, сен үшін жан берем» деп жағы тынбайтын ән-жырының мәнісін натуралды күйде ұғынып жүр ме? Бұл жарық дүниеде Адамды сүю, адам өмірінен артық құндылық, ардақ,аялау жоқ екенін сезінбей ме?


Онсыз да бес күн жалғанды несіне бәтқордарлаймыз, ә...


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу