28.12.2022
  547


Автор: Сейітқұл Оспанов

«Папам батыр емес...»

 


 


Әңгімеден әңгіме өрбіді де, кешкі шайдың үстінде Ажар:


– Айнұр, біздің үйде кім батыр? Папаң ба, сен бе? – деп сұрады. Айнұр көп ойланбады. Жауабын тақ еткізді.


– Мен батырмын! – деді.


– Неге? Оны қайдан білдің?


– Білдім. Папам шіріген бір тісін жұлдыруға қорқып жүр. Ал мен, міне. – Айнұр аузын ашып көрсетті. – Төрт тісімді жұлдырдым.


– Дұрыс. Дұрыс... – деді Лұқпан күліп. – Тауып айтты... – Сөз тапқанға қолқа жоқ.


Ажар таңданып басын шайқады.


Шынында да Айнұр соңғы он күннің ішінде қиқы-жиқы төрт тісін жұлдырды. Дәрігер жұлғандардың орнына аппақ сап-сау жаңа тістер шығады деді.


Ал Лұқпан былқылдап тұрған атам заманғы шірік бір тісін жұлдыруға тәуекел ете алмай жүр. Кейде зар қақсап ауырады. Сондайда дәрігерге барайын деп оқталады. Бірақ батылы жетпейді. Дәрі салады. Әйтіп-бүйтіп ауырғанын қойдырады. Сол шірік тісін біржола жұлдырып-ақ тастағысы келеді. Алайда осыдан он жыл бұрынғы бір оқиға еріксіз есіне түседі де, ол райынан қайтады. Онда Лұқпан ауылда оныншы сыныпта оқитын. Бір күні үстіңгі бір күрек тісі


 


 


ауырып, кеңшар орталығындағы дәрігерлік пунктке барған-ды. Дәрігер жігіт әй-шәйға қарамай, ол тісін бірден жұлып тастады. Жұлып тастады деген аты ғана. Әбден азаптады. Дәрісін дұрыс екпеді ме, күрек тісін атауызбен шеге суырғандай қышырлатып жұлды. Лұқпанның жаны мұрнының ұшына келді. Аузынан қан тоқтаусыз ақты. Үйге келіп екі күн, екі түн дөңбекшіп жатты... Содан бері тіс дәрігеріне бармауға ант еткен-ді.


Лұқпан Айнұрға осыны айтты. Айнұр бәрібір сөзінен қайтпады. – Бәрібір батыр емессің!


– Неге?


– Сол. Темекі шекпеймін дегеніңе, міне, бір жыл болды, әлі тастай алмай жүрсің. Күнде өзіңе-өзің уәде бересің. Бірақ орындамайсың. Ал батыр адам сөзінде тұрады.


Лұқпан қос қолын жоғары көтерді.


– Жеңілдім. Жеңілдім. Шынында да батыр емеспін.


Айнұр оның осал жерінен ұстады. Айтқанының бәрі рас. Лұқпанның темекіні қоямын деп жүргеніне, міне, бір жыл. Ниеті дұрыс. Бірақ ерік- жігері жоқ. Сөзінде тұрмайды. Мықтағанда бір апта шыдайды. Сосын темекіні қайта тартады. «Бүгіннен бастап темекіні қоям!» – деп талай рет қорап-қорап темекілерін отқа да жақты, суға да тастады... Алайда ертеңіне дүкеннен қайтадан темекі сатып алады.


Айнұр соның бәрін де жадында сақтап жүреді екен. Лұқ­пан қатты ұялды. Орнынан тұрды да, костюмінің қалтасынан бір қорап темекіні балконның есігін ашып, зәулім үйдің бесінші қабатынан шыңылатып жерге қарай лақтырып жіберді.


– Бүгіннен бастап темекіні қойдым Бұл соңғы сөзім! – деді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу