28.12.2022
  221


Автор: Сейітқұл Оспанов

Лагерьге бармаймын...

 


 


Айнұр бірінші сыныпты тамамдады. Алда ұзақ-сонар жаз. – Мама, жазда қайда барамын? – деді Айнұр.


– Маусымның басынан бастап лагерьге барасың. – Алақай!


Айнұр содан маусымға дейін бес күнді өткізе алмады.


Көз алдына лагерьді елестетті. Жағалай құрылған ақ шатырлар. Күнде тауға саяхат. Суға шомылу...


Ақыры күткен күн де келді. Айнұр ертеңгілік асығып мектепке жөнелді... Бірақ кешке ренжіп оралды. Көңілсіз. Қуанышы су сепкендей басылған. – Не болды, Айнұр? – деп сұрады Ажар.


– Мама, лагерьге барғым келмейді. – Неге?


– Сол. Еркін ойнай алмайсың. Солдаттар секілді ылғи сапқа тұрғызады. Саппен тамаққа барамыз. Бір мезгілде ұйықтаймыз. Ақ шатырлар жоқ. Баяғы сол өзіміздің сыныпта жатамыз... – деді Айнұр.


– Енді қайтесің? Папаң демалыс алғанша шыда, сосын ауылға кетесің.


– Жоқ, шыдамаймын. Мен бұйрықпен жатып-тұратын солдат емеспін. Одан да үйде болғаным жақсы. Азанда жұмысқа кеткенде, есікті сыртынан кілттеңдер. Ұйқымды қандырып, түсте тұрамын. Сосын теледидар көремін. Каникулда осылай еркін жүргенге не жетсін...


Ажар күлді.


– Кішкентай ерке қызым-ай, әлден өстесің, еркіндікті жақсы көресің... Жарайды, онда. Үйде қаласың. Ертең апайыңа айтайын.


Айнұр қолын шапалақтап жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу