28.12.2022
  149


Автор: Сейітқұл Оспанов

Қиын хат

 


Айнұр ауылдағы әжесіне хат жазуға отырды. Бұл – оның алғашқы хаты. Ойы: «Әже, мен, міне, бірінші сыныпта оқып жүрмін, әріптердің бәрін білем, ешкімнің көмегінсіз өзім хат жаза аламын», – дегенді сездіру-тұғын. Мақтанғысы келді. Әжесі бір қуанып қалсын.


«Саламатсыз ба, әже? – деп бастады. – Денсаулығыңыз жақсы ма? Ауылда не жаңалық бар? Ауырмай-сырқамай жүрсіз бе?


Менін жағдайым жаксы. Сабағымды оқып жүрмін. Мамам, папам жұмыстарында. Сізге салем айтып жатыр. Екінші тоқсанды жақсы аяқтадым. Ана тілінен – бес. Орыс тілінен – бес. Дене шынықтырудан гимнастикаға қатысамын. Мамам кеше маған әдемі көйлек алып берді...»


Көп ойланды. Бұдан әрі не жазарын білмеді. Бар айтары бітіп қалған секілді. Және сөздерді дұрыс жазбай, қате жіберген жоқ па екем деп ойлады. Ауызға айтуға оңай болғанмен, жазғанда қиын ғой...


Жүгіріп мамасына барды.


– Мама, менің мына хатымды тексеріп берші.


Ол ірі-ірі әріптерге толып қалған дәптердің бір парақ бетіне үңілді.


– Қызым-ау, біраз қате жіберіпсің ғой. Міне, «менін» емес, «менің» болуы керек. «Салем» емес, «сәлем». «Жаксы» емес, «жақсы».


Ол сөйтіп бар қатесін шығарды.


– Енді қайта көшір. Әйтпесе әжең сөзді дұрыс жаза алмайды екен деп ойлап қалар... Бұдан басқа ештеңе жазбайсың ба?


– Иә, жазбаймын.


– Неге? Хатқа бар шындықты, жаңалықты жазу қажет. Өткен аптада математикадан үш алып қалдың ғой. Соны да айт. Бұрнағы күні үйге кеш келдің. Біз сені жер-көктен іздеп әзер таптық... Дүкенге кірген сайын ойыншық алып бер деп жылайсың. Осыларды да жаз.


Айнұр бір түрлі ренжіп, ойланып қалды.


– Мама, онда әжеме хат жазбай-ақ қояйыншы. – Неге?


– Сол. Хат жазу қиын екен. Әжем мені жаман бала екен деп ойлар...


 


 


– Ә, солай ма? Ендеше сабағыңды жақсы оқы, тәртіпті бол. Әйтпесе әжеңе хат жаза алмайсың.


Айнұр жазған хатын жыртып тастады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу