28.12.2022
  128


Автор: Сейітқұл Оспанов

Қайтып келген калейдоскоп

 


 


Айнұр далада ойнап жүрген-ді. Ажар балконға шығып:


– Айнұр, үйге кір, Сәуле тәтең қонаққа шақырып жатыр, сонда барамыз! – деді.


Айнұр қуанып кетті. – Алақай!


 


Қонаққа барғанда ол кісі құсап дастарқанның басында отырмайды. Сәуле тәтенің Айгүл деген қызы бар, сонымен армансыз ойнайды.


Ажар мен Айнұр киініп, жолға жиналды.


– Айнұр, Айгүлге не апарасың? – деді мамасы.


– Бағана сатып алған калейдоскобымды апарам, су жаңа, ешқандай бүлінген жоқ.


– Өзіңе керек емес пе?


– Жоқ, керек емес. Айгүл досым ғой. Досымнан ештеңе аямаймын. – Ой, ақылдым!


Айнұр қолына іші сиқырлы суреттерге толы калейдоскобын ұстады. Екеуі автобусқа отырып, қаланың бір шетіндегі микро­ауданға тартты...


Ажар мен Сәуле өткен-кеткенді әңгімелеп, шай ішіп, тамақ жеп, уақытты көңілді өткізді. Айнұр мен Айгүл алаңсыз ойнады. Біресе әткеншек тепті, біресе қуыршақ тербетті. Сурет салды. Бірақ қайтар кезде екеуі аяқ астынан ренжісіп қалды. Айгүл жылап келіп, Сәуленің қолтығына тығылды. Айнұр да жылап Ажардың алдында жатып алды.


– Оу, не болды сендерге?


Екеуі аң-таң. Жаңа ғана тату-тәтті ойнап жүрген. Не көрінді? – Айгүл кінәлі!


– Жоқ, мен емес, Айнұр!


– Түсіндіріп айтсаңдаршы. Әуелі Айнұр сөйледі.


– Мен мұғалім болайын десем, Айгүл келіспеді. Айгүл де үнсіз қалмады.


– Ол екі рет мұғалім болды. Мен не, ылғи оқушы бола беремін бе?


– Түу, сендер де. Қазір-ақ татуласып кетесіңдер. Сәл теледидар көріңдерші. Айтпақшы, қазір кешкі ертегі басталады... – деді де Сәуле теледидарды қосты.


Кешкі ертегіден соң, Ажар мен Айнұр қайтпақшы болды. Ажар Сәулемен қоштасты. Кенет есіктің аузында тұрған Айнұр­дың қолынан бағана өзі әкелген калейдоскопты көріп қалды.


– Мұның ұят емес пе, Айгүлге тарту еткен жоқсың ба? Айнұр аузы бұртиып:


– Айгүл жаңа мен мұғалім боламын дегенде келіспеген, ол – менің досым емес, сол себепті калейдоскопты алып кетем! – деді де, есікті қатты жауып сыртқа шықты.


Ажар мен Сәуле бір-біріне қарап күлді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу