Әңгімелер ✍️
Он алты жасқа дейінгілер көруге болмайтын кино
Жаздың мамыражай бір күні еді. Түс қайтқан шақ. Төретай іші пысып, сарайдың төбесіне шығып, сонау көкжиектен бері қарай құлап жатқан ақ табан үлкен жолға қарап отырды да, бір кезде өзінен-өзі жерден жеті қоян тапқандай:
– Алақай, кино келе жатыр! – деп айқайлап жіберді.
Ол жолдың үстінен көк автоклубты көріп қалған-ды. Сол-ақ екен, биік сарайдың төбесінен жерге қос аяқтап секіріп түсіп, көшенің ұзына бойымен ауылдың шығыс жағына қарай құлдыраңдап жүгіре жөнелді. Жолай қарсы кезіккен адамның бәрінен сүйінші сұраумен болды.
– Кино келе жатыр! Кино!
Оның қуанышты айқайын құлағы шалған балалар бәйгеге қосылған аттардай әр жер-әр жерден Төретайдың соңынан ілесті. Тып-тыныш ауыл абыр-сабыр болды. Иттер үрді.
Иә, балалардың дәл бұлай естері кететін реті бар. Өйткені автоклуб құм ішіндегі бұл кішкентай ауылға анда-санда, жылына бір-екі рет қана келеді. Өткен қыста бір қара көрсеткен. Одан бері талай уақыт өтті.
Әкелерін сағынғандай балалар көк автоклубты көш жерден – ауылдың сыртынан күтіп алды. Дереу жолда тоқтатып, сыйғандарынша үйме-жүйме кабинасына мінді. Бес-алтауы қос қапталындағы текпішегіне жармасты. Өзгелері шаң жұтып, соңынан жүгірді. Бәрі де бақытты. Автоклуб у-шу құс базары құсап ауылға енді. Машинаның гүрілінен гөрі балалардың айқайы, шат күлкісі, абыр-дабыр сөздері басым. Автоклуб дүкеннің алдына келіп тоқтады. Балалар сұрақты қардай жаудырып жатыр.
– Ағай, бүгін қандай кино болады? – Қызық па?
– Неше сериялы?
Бәріне бірдей жауап беру мүмкін емес. Балалар сәл саябырсыған сәтте: – «Махаббат туралы аңыз», – деді киномеханик. – Үнді фильмі.
– О, қандай тамаша! – Әндері керемет қой.
Балалар одан әрі шулады. Қайсыбірлері естіген жаңалығын жырдай қып жеткізбекке елден бұрын үйлеріне қарай жүгірді.
Төретай үйреншікті әдеті бойынша жәрдемдесу үшін киномеханиктің қасында қалды. Құлшынып автоклубтың ішінде ленталар оралған ақ қаңылтыр табақтарды реттеді. Фильмнің аты жазылған жарнама қағазды дүкеннің алдына апарып ілді.
Кино бұрын жазда далада болатын. Дүкеннің артқы қабырғасы аппақ. Ақ жайманың қажеті жоқ. Шіркін, далада көрген киноға не жетсін! Саф таза ауа. Тас төбеден жұлдыздар жамырап, алқаракөк аспан төніп тұрады. Лүпілдеп самал жел еседі. Қой маңырайды. Есек ақырады. Әуп-әуп ит үреді. Нан сұрап, не ұйқысы келіп әжелері мен аталарының алдарында отырған кішкентай қара домалақ немерелері жылайды. Бұл өзінше екінші бір фильм секілді.
Бірақ киномеханик бұл жолы, неге екені беймәлім, кино мектептің ішінде болады деді. Қыс болса, бір сәрі. Жазда мұнысы несі? Және таң қалдырғаны – он алты жасқа дейінгілер кірмейтінін айтты. Мәссаған! Төретайдың қуанышы су сепкендей басылды. Балалардың ұнжырғалары түсті. Бірдеңе түсінсе бұйырмасын.
– Неге?
– Солай. Махаббат жайлы... Балалар көруге болмайды. – Неге?
– Айттым ғой. Сендердің көрулеріңе болмайды. Махаббат туралы. Ересек адамдарға арналған.
– Басқа кино әкелген жоқсыз ба? – Жоқ.
Балалар кәдімгідей-ақ ренжіді. Бала болғандарына алғаш рет өкінді: сонша жерден сағындырып жылына бір-екі-ақ рет келіп, мұнысы несі?
– Махаббат туралы неге біздің көруімізге болмайды?
– Сол. Қыз бен жігіттің өмірі. Үйленеді. Бір-бірімен сөйлеседі... – Осы-ақ па?
– Көп сөзді қойыңдар. Ішінде басқа да ұят нәрселер бар. Одан да барыңдар, ойнаңдар, келесі жолы басқа кино әкелемін.
Әңгіме осымен бітті.
Бұл балалар үшін ең ауыр күн болды. Кешке олар бәрібір мектепке барды. Бірақ үміттері мүлде үзілді. Киномеханик бәрін есіктің аузынан қайтарды.
Не істеу керек? Балалар араларындағы ересегі Төретайдан ақыл сұрады. Ол құм қышырлаған бұйра сары шашын қасып-қасып жіберіп:
– Кек алуымыз қажет, – деді. – Кімнен?
– Киномеханиктен. – Қалай?
– Былай. Бізді ренжіткені үшін әлі-ақ өкінеді. Бар жақсылық балаларға дейтіні қайда? Бәрі өтірік. Сонда біз он алтыға келгенше қыздар мен жігіттері бар кино көрмеуіміз керек пе? Жоқ. Бұл нағыз қорлық. Киномеханиктің есінен кетпейтін болсын. Ендігәрі мұндай кино әкелмейді...
Иә, олар киномеханиктен өштерін алды. Ол машинасының карбюраторына құйылған тұз бен құмды тазалап, шұрқ тесік шеге кірген төрт доңғалағының камерін жамап, ауылда табандап екі күн жатты. Бірде-бір бала қолғабыс бермеді. Тіпті Төретай да әдетінен жаңылды, жоламады. Автоклуб қайраңға шығып қалған балықтай мектептің алдында екі күн жападан-жалғыз тұрды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter