Әңгімелер ✍️
ТӨРЕТАЙ
Ол қызық бала. Мінез-құлқы бір түрлі. Ешкімге ұқсамайды. Сөзі, ісі ешкімді бейжай қалдырмайды. Күлдіреді, ойландырады, ең бастысы – таңдандырады.
Төретай бесінші сыныпта оқиды. Бірақ өзі құралпы балалармен салыстырғанда қалбетті, дене бітімі ірі. Үлкен кісілерше үнемі қақырынып жүреді. Шынында да ересек. Мектепке сегіз жасында барған. Себебі әкесі мен апасының еркесі. Кенжесі. Миы ашып кетеді деп кеш берген. Былтыр ұзақ ауырып, сабаққа бірде қатысып, бірде қатыспай, бір тоқсан ғана барып, төртінші сыныпты екі жыл оқыған. Әйтпесе қазір жетінші сыныптың балаларымен бірге оқып жүретін кезі. Сол себепті де Төретай сыныптастарының ағасы секілді. Бойы сырықтай ұзын. Өзгелер оның иығынан келеді. Өңкей майда.
Бір ғажабы, Төретайдың арам еті жоқ. Жұртқа жақсылық жасауға құштар. Қолын қусырып бос жүрмейді. Біреудің отынын жарады. Біреудің суын тасиды. Қора тазалайды. Шөп түсіріседі. Мұндай жұмыстарға ешқандай жалындырмай, іздеттірмей, өзі жетіп барады. Бәрі Төретайдың көмегіне зәру. Төретайсыз бір түрлі істері өнбейді.
Ал бірақ ол үйінде бәрін керісінше істейді. Апасы оны «елдің баласы» дейді, «бас пайдасын білмейді» дейді. Неге екені белгісіз, үйіне қолғабыс бермейді. Есіл-дерті өзгелерге жәрдемдесу. Апасы ең болмаса, бұлақтан бір шелек су әкелдіре алмайды. Әбден жалынып-жалбарынып бітеді. Айта-айта аузы ауырады да, шелекті алып, суға өзі барады. Төретай үйдің қарасын көрмейді. Жұрттың үйінен шай ішеді, тамақ жейді. Үйіне кешке жатар алдында бір-ақ оралады. Кейде басқа үйде қонып та қалады.
Міне, Төретай осындай бала. Оның қызық істері көп...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter