28.12.2022
  169


Автор: Сейітқұл Оспанов

ЫСТЫҚ ҚАР

Таң атты. Дәулет пердені ашып, терезеден сыртқа көз салды да: – Қандай жаман! – деп айқайлап жіберді.


Үй жып-жылы болса да, бір түрлі тоңып, жаураған адамша тұла бойы тітіркеніп кетті. Дала алай-дүлей. Долы боран құтырып, үйге кіріп ойнақ салғысы келгендей қарды үйіріп, екілене терезені ұрғылайды. Өршелене соғады. Бағана сымдары ащы ысқырады... Көшенің арғы бетіндегі жаман сарайдың ығында бүрсеңдеп бір есек тұр. Аш қасқырша азынаған жел.


Дәулет бұдан әрі терезенің алдында тұра алмады, долы боран өзін қақпақыл ғып далаға ала қашатындай зып етіп пештің түбіндегі төсегіне барып жатты.


«Бүгін үйден ешкім аттап шықпас», – деп ойлады.


Бірақ іле-шала апасы ұйқыдан тұрып, жылы киініп, қолына шелегін ұстап, сиыр саууға кетті. Ізінше көкесі де далаға шықты. Аздан соң ағасы оянып, ол да жөнелді.


Үйде Дәулеттің жалғыз өзі ғана қалды. Әрі-бері дөңбекшіді. ұйқысы келмеді. Үй тым-тырыс. Апасы да, көкесі де, ағасы да жуық арада үйге бас сұқпады. «Оларға не болды екен? – деді Дәулет күбірлеп. – Дала суық. Үсіп кеткен шығар...»


Бір кезде жападан-жалғыз жата беруден зерікті. «Қой, мен де далаға шығайын», – деді. Сөйтті де төсектен тұрып, үйді шарлап жүріп, бірін кереуеттің астынан, бірін шифоньердің ішінен тауып, бүкіл жылы киімін киіп алды. Екі шалбар, екі көйлек, бір жемпір, қос қабат шұлғау, байпақ, мойын шалма, қоян құлақшын, қалың пальто, тері қолғап... Илікпей, тура аюдай қорбиды да қалды.


Далаға шықса, міне, қызық! Үсіп кеткен болар деп ойлаған көкесі мен ағасы аулада қар күреп жүр. Боранды да, суықты да елейтін түрлері жоқ. Күректі жалаңаш қолдарымен ұстаған. Маңдайлары терлеген. Дәулет қатты ұялды... Қорбаңдап барып сарайдан және бір күрек әкеліп, ол да қар күреуге кірісті. Көкесі мен ағасының төбе-төбе ғып үйген қарын шанамен қораның сыртына тасыды. Тынымсыз қимылдады. Бірте-бірте ыссылай бастады. Құлақшынының құлағын көтеріп алды. Қолы қыж-қыж қайнады, қолғабын шешіп тастады. Екі көйлек пен жемпір кеудесін қысты, үйге барып жемпірін шешіп жеңілденді. Екі беті албырап, маңдайы тершіді...


Құдды ауладан қыс қашып кеткен секілді. Долы боран жуасығандай. Көше бойындағы бағана сымдары ащы ысқырып емес, әдемі бір ән салып тұрғандай.


Дәулет қарды ұстап еді, жентек қар ып-ыссы секілді боп көрінді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу