28.12.2022
  152


Автор: Сейітқұл Оспанов

БОЛАТ КОНЬКИ

Ерболдың бар есіл-дерті – коньки. Түнде жалт-жұлт етіп түсіне кіреді, күндіз көңілінен кетпейді. Қанша алаңсыз ойнап-күліп, қуанып-шаттанып жүрсе де, кенет конькиінің жоқтығы есіне түссе болды, аяқ астынан тұнық көңілі лайланып жүре береді, өз-өзінен азарланып, қамығып, көзіне мөлт-мөлт жас келіп, еңіз-теңіз жылап жібере жаздайды. Сол сәт өзін әлемдегі ең бақытсыз бала сезініп кетеді. Тіпті өмір бойы коньки теппей өтетіндей ауыр-ауыр күрсініп қояды...


Ауылдың қақ ортасындағы қызыл қаңылтыр шатырлы дүкенге өкпесі қара қазандай: «Ішіндегі заттарының бәрі түкке керексіз заттар – шай, шекер, тауар, киім-кешек. Балаларды қуантатын ештеңе жоқ. Ең зәру, ең қажетті нәрсе – коньки жоқ...»


Ерболдың ендігі жалғыз үміті – апасында. Апасы ауылда кітапханашы. Кітапхананың ол-пұл жұмыстарымен ай сайын қалаға барып тұрады. Ерболдың сол апасына «коньки алып кел!» – деп қылқылдауында есеп жоқ. Құлағының құрт етін жейді. Бірақ, неге екені белгісіз, апасы қаладан құр қол келе береді. Мұндайда Ербол әбден құлазып кетеді. Апасының айтатын сылтауы көп: «Ұмытып кетіппін, қап, әттеген-ай!..», «Коньки сататын дүкен жабық болды...», «Коньки жоқ екен...».


Ербол амалсыз сенеді.


Бірақ қашаңғы бүйтіп алдай береді?


Таңдайы кепкен кісіге бір тамшы су қандай керек болса, Ерболға да коньки сондай қажет...


«Жоқ, бұдан әрі шыдай алмаймын!» – деді Ербол өз-өзінен қайсарлана күбірлеп.


Ауылға қаладан жетісіне үш рет «АН-2» ұшағы ұшады. Апасы алдыңғы күні ұшақпен қалаға кеткен-ді. Ербол тор көз дәптердің бір парағын қайшымен бірнеше бөлікке бөліп, майдалап қиып, әрбіреуіне: «Апа, конькиді ұмытпа!» – деп жазып, апасының плащының ішкі-сыртқы қалталарына салып, көйлегінің етегіне, басына тартқан жібек орамалының үшкіл ұшына желімдеп, қыстырып жіберіп еді. Ойы – сөз жоқ, бірін болмаса, бірін көреді, не әлдекімдер: «Көйлегіңнің етегіндегі мына қағаз немене?» – дейді. Сөз жоқ, енді ұмытуы мүмкін емес. Бұл – Ерболдың соңғы үміті. Бұл жолы әкелмесе, бітті, Ербол күрт өзгереді: жаман бала болады. Апасының тілін алмайды. Жұмсаған жеріне бармайды. Қырсығады. Кішкентай інілеріне әлімжеттік қылады. Тентек­тікпен, сотқарлықпен атын шығарады. Мектепте дұрыстап сабақ оқымайды. Кітаптың бетін ашпайды. Сабақ сайын «екі» алады. Кім жаман – Ербол жаман. Сынып жетекші ағай апасын күнде мек­тепке шақырады. «Балаңыз осылай да осылай... үлгерімі нашар, тәртіпсіз...» дейді. Жиналыс сайын айтады. Апасы ұялғаннан не қыларын білмей, беті бір қызарып, бір бозарады. Бұрын мақтаған кезде төбесі көкке бір елі жетпей қалатын болса, енді кірерге тесік таппайды. Үйге еңсесі түсіп, көңілі пәсейіп келеді.


Ербол апасын осылай деп қорқытты.


Ауылда коньки жалғыз Зұлқарнайда ғана бар. Былтыр студент ағасы әкеп берген. Білектей болат темір. Сиқырлы темір.


Қыста тас моншаның артындағы мұз айдынында тек Зұлқарнай ғана еркін сайран салады. Не істеймін десе де өз еркінде. Шыркөбелек билейді. Мұз үстіне айқұш-ұйқыш із салады. Жұлдызша ағады. Құлайды. Сүрінеді. Бар қимылы әдемі. Бар қимылы жарасып тұрады. Бала біткен көздері жаудырап оған қызыға, қызғана қарайды. Зұлқарнай – бәрінің еркесі. Оның бетіне ешкім жел боп тимейді. Сәл өкпелеттім дегенше, конькиді бір тебу бақытынан айрылғаны. Сол себепті де Зұлқарнайдың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Жөнсіз ісі де – жөн. Міне, конькидің – білектей ақ күміс болат темірдің құдіреті осындай. Балалар Зұлқарнайдың конькиіне кезекке тұрады. Ерболдың бір рет оның конькиіне түнгі сағат он екіде қолы жеткені бар. Айдынға қорқа-қорқа барды. Айнала тастай қараңғы. Бірақ аяғына конькиді байлауы мұң екен, көңіліндегі үрей, қорқынышының бәрі өз-өзінен сейіліп жүре берді. Бойына батылдық бітті. Шырқау алқара аспан күмбезінен жұлдыздар жылт-жылт қарады. Конькиді армансыз тепті. Түннің бір мезгілінде терлеп-тепшіп оралды үйге...


Көлеңкелер сая іздеп, ірге-іргеге тығылып, күн шыжып, ыси бастады. Алыстан үздігіп ұшақтың әлсіз дүрілі естілді. Ербол бұлақ жақта жүрген-ді, ауылдың «аэродромына» – адыраспанды тақырлыққа қарай дедектей жөнелді. Бүгінгі ұшақпен апасы келуі тиіс. Әне-міне дегенше ұшақ та тақырлыққа кеп қонды. Ішінен қалта-дорба арқалап үш-төрт адам түсті. Біреуі көзіне оттай басылды. Апасы! Ербол екі өкпесін қолына алып, апасына жетіп барды. Әй-шәй, сәлем-сауқат жоқ, бірден:


– Коньки әкелдің бе?! – деді ентігіп, көкірегінде бір үміт, бір күдік, бір қуаныш, бір мұң шарпысып.


– Әкелдім, Ерболжан, – деді апасы күлімсіреп.


Шын ба, өтірік пе? Құлағы шалыс естіген жоқ па осы? Ербол қайта сұрады:


– Коньки әкелдің бе?


– Айттым ғой жаңа... Міне...


Апары қара сөмкенің сырмалы аузын ашты...


Ерболдың қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады. Әнтек басы айналғандай. Аяғының астындағы жер билей жөнелген тәрізді. Міне, арманы орындалды. Енді дүниедегі ең бақытты бала өзі. Күн сәулесі түсіп еріген қасат қардай, апасына деген кеудесіндегі талайғы өкпе-қақпасы заматта тарқап жүре берді. Көзінің алды қызыл-жасыл шапаққа толды. Тілі күрметіліп, не дерін білмеді... Су жаңа болат конькиді тас қып ұстап, мүше алып қашқан шабандоз жігітше, жан-жағына шаттана алақ-жұлақ қарап, жалаң аяғымен көшенің шаңын бұрқылдатып, ауылдың екінші басына қарай зымырады. Табаныма тікенек, шөңге кірер-ау деп ойламады. Ондай-ондай ұсақ-түйек нәрселерді есіне алар халде емес-тін ол қазір.


– Апам коньки әкелді! Коньки әкелді!


Сол жанығып жүгірген бойы Ербол ентігіп, қос танауы делдиіп, тас моншаның артындағы көлге келді. Келді де, өңім бе, түсім бе дегендей, өз-өзінен кілт таңданып тұра қалды. Қазір жаз екені мүлде жадында жоқ еді. Су бетінде сылқ-сылқ күліп толқын ойнап жатыр. Сыпылдап шүрегей, үйректер ұшып-қонады. Ерболдың атқақтаған көңілі сап басылды. Ақ күртік қардың орнына – көлдің жағасы жағалай көмкерілген балауса құрақ...


« х!»


Ерболға енді өмір-бақи қыс болмайтындай, мынау толқын ойнаған көл беті мұз болып қатпайтындай көрінді..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу