Әңгімелер ✍️
БАЙҒЫЗ
Ақжолдың әжесі ырымшыл. Мысалы, шай ішіп отырған кезінде кесесінің бетіне шәмбі қалқып шықса, үйге қонақ келеді-міс; оң қабағы тартса, қуанады, сол қабағы тартса, ренжиді; пышақ дастарқанның үстіне жүзі жоғары қарап шалқасынан түссе, қазан көтеріледі; құлағы күңгірлесе – өзін біреу сыртынан жамандап жатқаны; сыпырғышты қабырғаға сүйеп тікесінен тік қоюға болмайды; түнде тырнақ алмау керек...
Таусылмайтын ырымдар. Бірақ Ақжол әжесінің мұндай дүдамал сөздеріне онша мән бермейді, жүрдім-бардым тыңдайды, сенбейді. Қайдан сенсін, әжесі әр шай ішкен сайын кесесіне шәмбі қалқып шығады, алайда алыстан ат арытып келіп жатқан қонақ жоқ. Әшейін гәп қана.
Өткенде Ақжол ақ күшігін іздеп, түнде ауылдың сыртындағы көлге барды. Әжесінің айтуы бойынша, түнде көлге барған кісі: «Мен келген жоқпын, сен көрген жоқсың», – деп суға тас лақтырып кетуі тиіс. Әйтпесе суретін су жұтады, өмірі қысқарады. Бірақ Ақжол әжесінің ырымын істемеді. Тас лақтыруға қолы бармады. Көл моп-момақан, тып-тыныш. Айна бетінде төңкерілген алқара көк аспан, жымыңдаған күміс жұлдыздар, шарық табақ алтын ай. Айнала жағалау кестемен әдіптегендей, көмкерілген сұлу сәмбі тал. Көрпе қызыл жыңғыл. Лүп еткен жел жоқ. Ауық-ауық жарыса құрылдаған «әнші» құрбақалар. Табиғаттың тамылжып тұрған сәті. Ақжол тас лақтырып, көл бетінде шолпылдатып толқын ойнатып, сүт тыныштықтың шырқын бұзғысы келмеді. Әнтек қатты жүрсе жағалықтың құрағы мен құмын тәтті ұйқысынан шошытып жіберетіндей, аяғын еппен басып, ауылға қайтты. Ақ күшігін айқайлап шақырып іздемеді де.
Бірақ Ақжол әжесінің ырымына бүгін алғаш рет құлақ қойды.
Түс кезі-ді. Күн әуе айналып жерге түскендей қапырық ыстық. Бар шаруа доғарылған. Жұрт үйлерінде, көлеңке ұзарып, салқын түспей далаға шықпайды.
Ақжол қайта-қайта ызыңдап кеп бетіне қонған дәу қара шыбынды қаққыштап, киіз үйде қақ төрде әлдебір кітаптың бетін парақтап ашып, суреттерін қарап, әжесі ескі бір ән әуенін ыңылдап айтып, сандықтың түбінде ұршық иіріп отырған-ды. Ақжолдың апасы сыртта жерошақтың басында шыжыған күннің астында самаурын қойып жүрген. Тыныштық. Кенет қора жақтан әлдебір құс ащы сұңқылдап қоя берді. Сұңқыл ауада шықылдап тұрып алды.
– Қырқу! Қырқу!
Құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз үн. Ақжолдың әжесі ыңылдап айтып отырған әнін кілт тыйып, қолындағы биші қызша билеген ұршығын қоя салып, елең ете қалды.
– Мынау ненің сұңқылы? Байғыз емес пе? Ақжолжан, қарап келе қойшы... Ақжол онсыз да не істерін білмей ерігіп жатқан еді, екі сөзге келместен
орнынан атып тұрды да, сыртқа қарай жүгіре жөнелді. Сосын ылдым-жылдым үйге қайта кірді.
– Әже, байғыз екен, сиыр қораның үстінде қонып отыр, – деді тақылдап. – Ойбай, онда, кәне, тез қуып жібер, көзін құрт!
– Неге?
– Негең не, шырағым-ау?! Білмейді екенсің ғой, үйді байғыз иектесе жақсы ырым емес.
– Неге олай?
– Солай. Ертеден келе жатқан ырым... – Байғыз да көп құстың бірі емес пе?
– Құстан садаға кетсін, ол – азғын құс. Бол, тез, қуып жібер! – Байғыз неге азғын құс?
– Туһ, қылқуардай қадалып болмадың ғой, не қыласың түп төркінін сұрап, әшейінде құлақ қоймаушы едің ғой.
– Айтшы, әже... Білгім келеді...
Ақжол әжесінің алдына малдас құрып орнығып алды. Әжесі енді оның желімше жабысып, оңайлықпен кетпейтінін сезді.
– Жарайды, тыңда онда, – деді жеңіл бір күрсініп. – Баяғыда даңқы жер жарған бір ханның ақымақ, арам жалғыз қызы болыпты. Хан жалғыз қызы болғасын, оны бетінен қақпапты. Қыз ойына келгенін істепті. Бірде ол ханның атынан: «Хандықтың қарамағындағы бірде бір шаңырақтан сәбидің күлкісі мен уілдеп жылаған үні естілмейтін болсын, балалардың ойынына тыйым салынсын!» – деп жарлық шығарыпты. Сөйтіп, балаларына ие бола алмай, жарлықты орындамаған адамдарды зынданға тастапты. Халық қайғыдан құсаланып, қан жұтыпты. Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылады. Өз балаларына өздері жасауыл болыпты. Ұлдары мен қыздарын ойнатпай, қамап үйлерінде ұстапты. Әнтек күлдірмеуге, жылатпауға тырысыпты. Бала үшін бұдан ауыр жаза, бұдан артық азап бола ма? Сыңғырлап күлмеген, әлденеге уілдеп жыламаған, құлдыраңдап асыр сап ойнамаған бала бала ма? Амал жоқ, жұрт шыбын жаны үшін, ұлдары мен қыздарын қуанышы мен шаттығынан айырыпты. Күндер өте береді. Хандықтың қарамағындағы балалар балалықтың не екенін ұмытыпты. Күле қалса, көздеріне мұң тұныпты. Егер жылар болса, ауыш, кеміс адамдарша жүздерінде түсініксіз, мағынасыз күлкі ойнапты. Сау тілдері күрмеліп, мылқауларша ымдап сөйлесіпті. Бұл қасірет олардың әке-шешелерінің қабырғасын қатты қайыстырыпты. Шыдамның да шегі бар, бір күні жұрт кәрі-жасы ханның алтын сарайының алдына жиылып, бастарына қара жамылып, қолдарын көкке жайып: «О, тәңірі, жер бетіндегі сорлы пенделеріңнің зарына құлағыңды сал, қайырым-қайыр қыл, мынау ханның зұлым қызын жарық пен сәуле, қуаныш пен шаттықтан мақұрым жексұрын құсқа айналдыр!» – деп қан жылапты. Олардың зарлы үндерінен аспан запыран сасыпты. Не керек, ас-сусыз сарылып, сарайдың алдында бір күн, бір түн тұрыпты. Екінші күні таң қылаң бере мұң-тілектері қабыл боп, ханның зұлым қызы бажбақ көз жұдырықтай жексұрын құсқа айналып, алтын сарайдың күміс терезесінен қалбалақтап ұшып шығып, ескі қорымға қарай бет алыпты. Ол құсты жұрт байғұс, байғыз деп атапты.
Міне, содан бері зұлым қыз – байғыз қорымның қуыс-қолтығында тығылып жататын болыпты. Бірақ оқта-текте ызаға булығып, кек алу үшін күндіз ұшып келіп, үйлердің төбесіне қонып, қарау сұңқылына басады. Оның сұңқылы былай дегені: «Сәбидің күлкісін есітпейін, баланың ойынын көрмейін...»
Ақжолдың жаны түршікті. Шілде күні боран ұлып қоя бергендей, тұла бойы мұздап кетті. Әжесінің сөзін аяғына дейін тыңдауға шыдамы жетпеді.
– Кеттім, әже! – деп орнынан атып тұрды. Жүгірген күйі жолай жерден бір уыс малта тас теріп алып, сиыр қораның үстінде сұңқылдап отырған байғызға қарай қардай жаудырды. Атқылай берді, атқылай берді. Байғыз сарт-сұрт жауған тастан басын сауғалап, тыпырлап ұшып, көрші үйдің сарайының үстіне барып қонды. Ақжол байғызды ол сарайдан да түре қуды. Байғыз қуыспақ ойнағандай келесі үйдің төбесіне барып қонақтады. Ақжол қыр соңынан қалмады, ол үйден де үркітті. Байғыз енді қара үздіріп кетейін дегендей, қанатын жалп-жалп қағып, көшенің екінші бетіне қарай самғады. Сөйтті де топ етіп Жәлел атайдың бақшасының ішіне барып бас сауғалады. Ақжол ізінен жүгіре жөнелді. Көшеден асығыс-үсігіс етегін және ұсақ тастарға толтырып алды. Ақжол ентігіп бақшаға келді. Сым қоршаудың астымен еңбектеп ішке кірді. Бақшада Жәлел атай жүр екен, ол Ақжолды көрді де:
– Оу, батыр, жол болсын, тапа тал түсте мұның не? Қауын жегің келді ме? – деді таңданып.
– Жоқ, ата... Бақшаңызға байғыз келіп қонды, соны іздеп жүрмін... – Сөз болғаныңа! Одан да қауын жегім келді десейші...
– Жоқ.
– Қой, қой, күмілжіме, кел бері.
Жәлел атай еңкейіп, қау пәлектен бір сары жәмбілшені үзді.
– Мә, иісі қандай, өзі уылжып тұр екен. Түсінемін. Қауын деген көздің құрты. Ұрланып кірмей-ақ, айтсаң да болатын еді ғой.
– Керек емес...
– Бала атаулының аузынан мұндай сөз шықпаушы еді ғой...
Осы сәт жел соққандай шеткі арықтың ортасына таманғы бір пәлек сыбдыр-сыбдыр етті. Ақжол етегіндегі тасты бірінен соң бірін солай қарай боратты кеп. Байғыз пәлекке тығылған екен, қалбалақтап ұшып шығып, ауылдың шығысына бет түзеді. Жолда қанаты талды ма, Сүлейменнің шиферлі тамының үстіне аял жасады. Ақжол далақтап ізінен жүгірді. Жәлел атай таңданып қала берді. Қолында уылжыған сары жәмбілше...
Ақжол Сүлейменнің тамына жетті де, шатырға сарт-сұрт тасты жаудырды. Үйден сыртқа Сүлейменнің келіншегі жүгіріп шықты.
– Әй, мұның не?
– Шатырда байғыз отыр.
– Отырса не, отыра берсін. Жайыңа жүрмейсің бе? Басқа ойын таппадың ба? – Ойнап жүргенім жоқ.
– Енді не? – Байғыз...
– Әй, байғызың не? Байғыз көрмеп пе едің? Бар үйіңе. Тал түсте күнге шыжымай, тыныш жатпайсың ба?
– Қалай тыныш жатамын. Байғыз...
Сүлейменнің келіншегі байғыздың қандай құс екенін біледі дейсің бе. Әйтпесе бұлай айқайламас еді ғой.
– Ойбай-ау, мынау не дейді өзі? Есің дұрыс па? – Дұрыс...
Байғыз ұша жөнелді. Ақжол ізінен қуып берді. Байғыз ақыры баланың өзіне дамыл таптырмасын білді ме, енді еш жерге қонақтамай, тура ауылдың сыртындағы қорымға қарай қалбалақтай ұшты. Ақжол әбден байғыз көзден ғайып болғанша, соңынан тесіле қарап ұзақ тұрды. Сосын шаршап, терлеп-тепшіп үйіне келді. Апасы есіктің аузында:
– Бағанадан бері қайда жүрсің? – деді. Ақжол:
– Байғызды қуып... – деді. – Байғызың не?
– Байғыз деген – ханның зұлым қызы... – Не деп тұрсың өзің?
Осы сәт киіз үйдің ішінен әжесінің даусы шықты: – Ақжолжан, әлгі байғызды қуып жібердің бе?
– Иә. Қорымға қарай ұшып кетті.
– Дұрыс болған екен. Ол пәлені ауылға жолатпау керек. Жамандық шақырады...
– Шыжыған күннің астында әбден шаршаған шығарсың. Кәне, қасыма келе қойшы. Бүкіл ауылға жақсылық жасадың бүгін... Олар қайдан білсін. Сені ерігіп жүр дейтін шығар...
Апасы аң-таң. Екеуінің сөзі біртүрлі қызық. Түсінсе бұйырмасын. Ақжол лып етіп үйге кіріп кетті. Іштен әжесінің еміренген үні естілді: – Құлыным менің...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter