28.12.2022
  495


Автор: Сейітқұл Оспанов

АҚ ҚОЗЫ

Ерғали зерігіп, іші пысып, қамыс қораның үстіне шығып, айналаға қарап отырды. Алыстан сағым көтеріп, көкжиекте қалқып, тербеліп тұрған төбелерді көрді. Тас төбесінен қос қанатын анда-санда бір қағып қойып, ауылдан бірдеңе іздеп жүргендей аспанда шыр айналып жүрген ақсарыны көзі шалды.


– Ақсары, ақсары,


Бауыр жүнің сап-сары! – деп айқайлады.


Күн ыстық. Бұлаққа барып, суға түсіп келейін деп ойлады да, бірақ ерінді. Мынадай кезде күнге күйіп, шыжып, сонау ауылдың шетіндегі бұлаққа бару ненің азабы.


Кенет кеңшар жақтан жұлдыздай ағып, көкжиекті сүзгілеп қыр басына көтерілген бір машинаны байқап қалды. Сол-ақ екен, дереу жерге секіріп түсіп, шалбарының балағы далп-дұлп етіп, ауылдың сыртындағы тақырлыққа қарай жүгіре жөнелді. Жолай айқайлаумен болды.


– Кеңшардан машина келе жатыр!


Ізінен шұбырып өзі секілді бес-алты бала ерді.


Бұл ауылға машина таңсық. Оқта-текте келеді. Ауыл – қала­дан, кеңшар орталығынан қиян. Сондықтан да әр келген машина құдды мереке. Базар. Артынып-тартынып бейтаныс қонақтар түседі. Балалар базарлық жеп, мәз болып қалады.


Әне-міне дегенше, алқам-салқам кабинасының әлдебір босаған темір, тетіктері салдырлап, машина зымырап ауылдың шетіне жетті. Ерғали жазбай таныды. Қанатбайдың «сарғасқасы». Қанат­бай осыдан бірнеше күн бұрын дүкенге зат әкелуге кеңшарға кеткен. Содан қайтып келе жатқан беті. Машина құйғытып отырып, үлкен көшені шаңға көміп, дүкеннің алдына барып тоқтады. Өзді-өзі дәудірлесіп машинаның үстінен бір қора адам түсті. Үсті-бастары көк ала шаң. Кездері ғана сығыраяды. Бәрі ауылдың кісілері. Сірә, әртүрлі шаруаларымен кеңшарға, қалаға барып қалып, бері қайтуға көлік таба алмай, бүгін қанатбайға ілескен. Тек біреуі ғана бөтен. Ерғалидың бұрын-соңды көрмеген адамы. Демек, қонақ. Кім болды екен? Кімнің үйіне келді?


Қанатбай кабинадан басын шығарып, Ерғалиға қолын бұлғады.


– Әй, бері кел. Таныдың ба, ана кісі апаңның інісі – нағашы ағаң!


Ерғали танымады. Бірақ естуі бар. Өткенде хат келген. Сонда осында қыдырып барып қалармын деген. Аты ұмытпаса – Кентай. Өзі алыста, Қарақалпақстанда тұрады.


Ерғали іштей жылы тартып, қалың қабақты, ат жақты, ұзын бойлы бейтаныс кісінің қасына барды.


– Ассаламаәлейкүм, аға!


– Әликсалам. Үлкен жігіт болдың ба? Танымадық қой, қай баласың? Ерғалидың орнына қанатбай жауап берді.


– Кенеке, жиеніңіз. – Ой, айналайын!


Бейтаныс кісі құрақ ұшты. Еңкейіп Ерғалидың маңдайынан сүйді. Екеуі әңгімелесіп, үйге қарай беттеді. Жолда нағашы ағасы оны сұрақтың астына алды.


– Әкеңнің дені сау ма? Апам қалай? Әскердегі Сәкеннен хат келіп тұра ма? Өзің нешінші сыныпта оқисың?


Ерғали бәріне жауап қайырып үлгермеді. Үйге келді.


Апасы Кентаймен жылап көрісті. Көршілер: «Қайтсін-ай, бауыр деген осы», – деп күбірледі. Кейбіреулерінің көңілдері бұзылып, көздеріне жас алды.


Әуелі ақ қанат ұшақпен ұшып, одан соң, пойызға мініп, одан автобусқа отырып, ақыр аяғында кеңшарда көлік болмай, екі-үш күн сарылып жатып, өлдім-талдым дегенде Қанатбайдың жаман сырқылдақ машинасына табанын іліктіріп, жол азабынан әбден ығыры шығып, жер түбінен ат арытып, шаршап-шалдығып, сағынып келген қонақтың базарлығы да айтарлықтай екен. Бір сөмке тола өрік, мейіз, сөк, кәмпит. Екінші сөмкесі тауар, зат-пат. Ерғалидың апасына гүлді масаты көйлек, әкесіне су жаңа қара сұр костюм-шалбар. Үйдегі кішкентай балаларға шұлық, ойыншық, қызыл-жасыл әдемі сандал. Әсіресе Ерғалидың еншісіне тиген базарлық керемет: жол-жол, толқын-толқын, кеудесінде зәкірдің суреті бар матрос жейде. Шүріппесін басып қалсаң дыр-дыр етіп, аузындағы кішкентай шамы өшіп-жанатын жасыл пластмасса автомат, бір тесігінен кірген құм екінші тесігінен өз-өзінен сусылдап төгілетін қызыл былғары шапата.


Бұдан артық не керек?


Ерғали не істерін білмеді. Жалма-жан үстіндегі шыт көйлегін шешіп тастап, үстіне матрос жейдені киіп алды. Аяғын шапатаға сұқты. Қолына автоматты ұстады. Үйдің ішіндегілер:


– Бәрекелді!


– Құтты болсын! – деп көңілін әуелетіп жіберді.


Ерғали жүгіріп тамдағы үлкен айнаның алдына барды. Өз көзіне өзі сенбеді. Басқа, мүлде басқа бір бала секілді. Өзіне ұқсамайды. Өзгеріп кеткен. Матрос жейде денесіне құйып қой­ғандай. Аяғындағы шапата емес, әлдебір тұлпардың жел тұяғы сияқты. Қос аяғы лыпып жеп-жеңіл қозғалады. Өз-өзінен билеп, құйындай жөнелгісі келеді. Ал автомат ше? Шүріппесіне барма­ғын тигізсе-ақ болды, сүмбісінің ұшындағы кішкентай шамы өшіп-жанады. Мін жоқ. Бәрі үйлесіп, жарасып тұр.


Ерғалидың қуанышы қойнына сыймады. Мынадай нәрсе­лермен үйде бір минут кідіру мүмкін емес тәрізді. Өйтсе матрос жейдесі, автоматы, шапатасы ренжіп, мұңайып қалатындай...


Балаларға көрсетіп мақтанғысы келіп, алақанын шапалақтап, жүгіріп далаға шықты. Күннің ми қайнаған ыстығын сезінбеді. Сыртта лекілдеп самал жел соғып тұрғандай. Матрос жейдесі денесіне салқын теңіз лебін әкелгендей. Екі езуі екі құлағына жетті. Беті бал-бұл жанды. Себепсізден-себепсіз қоянша секіріп қояды. Бірақ алып-ұшқан бұл ен-ырғын қуанышы ұзаққа бар­мады. Қамыс сарайдың алдында алақандай көлеңкеде жалаңдатып пышақ қайрап жатқан әкесі:


– Ерғалижан, ақ қозыңды әкеле ғой. Кентай ағаңа соялық, – деді.


Әлдекім үстіне мұздай су құйып жібергендей Ерғалидың тұла бойы қалтырап кетті. Ақ қозыны соймақ па? Пышағын жалаң­датып әкесінің күлімсірегені несі? Ерғали әкесін бір түрлі ұнатпай қалды. Бұл сөзді қалай ғана еш қиналмай, қынжылмай аузы барып айтып тұр? Ерғалидың еңсесі сылқ түсті. Үстіндегі матрос жейде­сіне, қолындағы автоматқа, аяғындағы қызыл шапатаға селсоқ, бей­жай қарады. Оларының әлгіндегі керемет сиқыры кетіп қал­ған тәрізді. Жәй шүберек. Құр пластмасса. Әшейін шапата. Бармаймын деп айта алмады.


Сыйлы қонаққа кәделеп мал сою – ауылдың дәстүрі. Ыбыл­жып, өзін-өзі желкелеп бұлақ жаққа қарай аяңдады.


Әкесі соңынан:


– Аяғыңды жылдам бас, тез әкел! – деп айқайлады.


Ерғали аяғын қайдан жылдам бассын, ақ қозыны әкелу бұл – дүкеннен жүгіріп барып қант әкелу емес қой...


Ерғали биыл наурыздағы көктемгі каникулын Ақжарда өткізді. Ақжар – қыстақ. Ауылдан елу шақырым жерде. Мықты­бай көкесіне қой бағысты.


 


Құлқын сәріден тұрды. Торы мәстекке мініп, қойды өріске айдады. Айдалада айқайлап ән салды. Қолына сылдырмақ, тобылғы қамшы ұстады. Наурыз – қанша дегенмен қыстың аяғы, көктемнің басы. Қыс ызғары біржола кете қоймаған шақ. Ерғали кей күндері далада кәдімгідей-ақ жаурап-тоңды. Ондайда ердің үстінде сіресіп отыра бермей, аттан түсіп айналадан сексеуіл сындырып жақты. Бойын жылытты. Қойды ауанымен жайып, қыстауға ымырт үйіріле келіп жүрді.


Аз күннің ішінде талай қызықты басынан өткерді.


Бірде ол азанда басына шығып алып, бір қойдың көзін шұқып жатқан ала қанат сауысқанды көрді. Ал қой болса тырп етпей, рақат­танып тып-тыныш тұр. Мұнысы несі? Ойбай-ау, көзінен айры­лады ғой. Неге тулап, секіріп, басынан ұшырып жібермейді? Қозғалу қайда, тұяғын қимылдатпайды. Ерғали Мықтыбай көкесінен:


– Бұнысы несі? – деп сұрады. Көкесі күлді.


– Сауысқан қойдың көзінің аңғалағын іріңнен тазартып жатыр, – деді. Ерғали таң қалды. Сауысқанның мұндай қолғабысын білмейтін. Ұшып-


қонып жүрген сүйкімсіз бір құс деп ойлаушы еді.


Өстіп көктемгі каникул өте шықты. Ауылға қайтарында Мықтыбай көкесі Ерғалиға әдемі бір ақ қозы тарту етті.


Ерғали ақ қозыны қашан өзіне-өзі келгенше үйде ұстады. Астына қопсытып сабан салып, оның үстіне көрпеше төседі. Емізікпен сүт, айран берді. Ақ қозы үйірсектеп Ерғалидың маңынан шықпайтын болды. Ерғалиды көру бойында: «Мә-мә!» – деп маңырай жөнеледі.


Оның «мә-мәсі» – «мама» дегені сияқты.


Қозы ерке, тентек болып өсті. Тек Ерғалиды ғана тыңдайды. Соның сөзіне ғана құлақ асады. Соның қолынан ғана жем жеп, су ішеді. Онсыз күнұзаққа нәр сызбауға бар. Басқан ізін аңдып жүреді. Әйтеуір екеуінің жұбы жазылмайды. Кейде жұптары жазыла қалса, ақ қозы Ерғалиды шарқ ұрып іздеп, әлекке түседі.


Бірде Ерғали мектепте сабақта отырған-ды. Кенет дәлізден әлдебір қозының маңырағаны естілді. Ағай: «Бұл немене, неғып жүрген қозы?» – деп сыныптың есігін ашып, сыртқа қарап еді, әлгі маңыраған қозы тұяқтары сырт-сырт етіп тыпырлап ішке кірді де кетті. Мәссаған! Ақ қозы! Ерғали орнында қыбыжықтап беті бір бозарып, бір қызарды. Ұят болды-ау! Ал ақ қозы болса, сасып, қысылатын емес, сыныптан әлдекімді іздегендей балаларға ойлана, үңіле қарап тұрды да, кенет секіріп-секіріп, Ерғалидың партасына жетіп барды. Балалар ду күлді...


Міне, сөйткен ақ қозыны соймақшы. Иіріліп жатқан қойға жақындай бергені сол еді, қайдан көріп қалғаны белгісіз, ақ қозы маңырап, құрақ ұшып Ерғалидың қарсы алдынан шыға келді. Әдетте мұндайда Ерғали қуанушы еді, бұ жолы мұңайды. Ақ қозыны мойнынан қысып, тас қып құшақтап ұзақ тұрды. Көзіне жас үйірілді. Ал ақ қозы ештеңеден қаннен-қаперсіз – ойнағысы келіп мақпал тұмсығымен Ерғалидың бүйірінен түрткілейді, тілімен қолын, аяғын жалайды...


Ерғали ақ қозыны жетелеп, ауылдың шетіндегі Жауынбайдың қорасына апарып қамады. Алдына даладан жұлып әкеліп шөп сал­ды. Есігін сыртынан сыммен байлады. Сосын үйге келді. Әкесіне:


– Қозыны таппадым... – деді міңгірлеп. Тіпті тіл қатуға зауқы жоқ. Әкесі оның бұл көңіл-күйін түсініп тұрған жоқ. Кейіс қабақ танытып:


– Баланы жұмсаған осы, есіл-дерті ойын, дұрыстап қарамағансың ғой, – деді. – Қарадым...


– Жыңғылдың арасын қарадың ба? – Онда да бардым.


– Баздың айналасын ше? – Онда да жоқ.


– Жер жұтып кетті ме? Өзі маңырап жетіп келуші еді ғой саған. Сәл ойланып тұрды да:


– Жүр, екеулеп іздейік, – деді.


Ерғали әкесінің ізіне ерді. Әкесі қойдың арасын әрі сүзді, бері сүзді: ақ қозыны көзі шалмады. Зым-зия жоқ. Ауылда қойды жұрт кезекпен бағады. Бүгін баққан Қожабай еді. Әкесі Қожабайға барды. Қожабай оған ақ қозыны жаңа бір әзірде ғана көргенін айтты. Әкесі басын шайқап таңданды.


Ыстық қайтқасын қой өрді. Қозы табылмады. Әкесі: «Кешке қора-қораны түгел қарап шығармыз», – деді.


Ерғали алыстан ат арытып келген Кентай ағасын бір түрлі жек көріп кетті. Үйге келіп жол-жол, толқын-толқын матрос жейдесін, қызыл шапатасын шешіп тастады. Автоматты әлдебір жаққа лақтырып жіберді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу