Аңыздар ✍️

  28.12.2022
  190


Автор: Ерлан Аманқожаұлы

Борыш

(аңыздың ізімен)
Бабамның самғап кеше құсы биік,
Жаулары бармақ тістеп, іші күйіп...
Жүргенде Қаратаудың басын жайлап,
Жолығып қалған дейді кісікиік.
Еркелеп оны қалап,
Мұны өтінбей,
Беріліп еркіменен түк өкінбей.
Жүрегі ел мақтаған ерді танып,
Олар да ғашық бола білетіндей.
Жетелеп батыр еркін дауыл бір күш,
Мінезбен бар жандыны бауыр білгіш.
Жатыпты бабам солай отандасып,
Қайтару қыз талабын ауыр қылмыс.
Құс салып,
Қасқыр аулап,
Шылда қуып,
Жатыпты орда тігіп,
Сырлап уық.
Келмейтін жан баласы иен тауда,
Екеуі өмір сүрген жылға жуық.
Ешкім жоқ өрт қоятын, өсек теріп,
Бақыт деп, бар тапқанды жесек бөліп.
 
Бала туып беріпті кісікиік,
Бір жылдық махаббаттан есеп беріп.
Заман ол тегі тұнық ер елге адал,
Алынған сондықтан да нелер қамал.
Ақыры ойдағы жұрт ат шаптырып,
Келіпті елге қайтсын деген хабар.
Қалдырып таудағы ұлы бекінісін,
Қамданған батыр елге кету үшін.
Серігі тұрыпты үнсіз көзбен айтып,
«Кетпеші» деген нәзік өтінішін.
Үйреніп ләззатты балдай күнге,
Тұрмысқа бірге кешкен қанбай мүлде.
Батыры аттанғанда...
Арт жағынан
Айғайлап ілесіпті қалмай бірге.
Болғасын бөлінбейтін тілегі елмен,
Қатыгез кейіпке еніп жүрегі өлген.
Серігін тастап тауға,
Еріп алса,
Мылтығын кезеп, сес қып жүре берген.
Батырдан күтпей ешбір жақсылықты,
Көзіне серігінің жас тұныпты.
Соңғы рет тауды өлтіріп бір айғайлап,
Баласын сирақтан ап тасқа ұрыпты.
 
Мекендеп жүрміз бүгін сол даланы,
Сәбидің әнін кешіп сор-налалы.
Самал жел жоқтайды әлі қырдан ескен,
Тірі жетім бақпайтын соңғы ананы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу