Өлеңдер ✍️

  16.12.2022
  320


Автор: Дүйсебай Дәуірбек

Сәйгүліктерді аялаңдаршы

 


 


Сәйгүліктерді аялаңдаршы, өтінем,


Үркітпеңдерші, үнемі қағып бетінен.


Батпан да батпан жүк артып қойып болдыртып,


Жеңіс бақытын шығармаңдаршы есінен.


 


Аңдайсыңдар ма, өкпелі неге күліктер?


Олардың жанын ұғыныңдаршы, жігіттер.


Өсектеп, күндеп, жолына арқан кергенше,


Бәйгеге баптап, бағын ашатын үміт бер.


 


Жүйрікті жүндеу дұрыс па бақай есеппен?


Бәйгесіз өмір – ол үшін ғұмыр бос өткен.


Не ұтпақпыз біз, басынан сабап тұлпарды,


Арбаға жегіп қосақтап қойып есекпен?


 


Келіспей жүрмін қасиет ұқпас наспенен,


Бұлбұлдың әнін түсінер қайдан тас керең?


Ақша үшін арды саудаға салған заманда


Арғымақтардың көзінен ылғи жас көрем.


 


Дарынын қайтсін? Іске асса болды пайдасы,


Асылқандыны аздырды-ау арам айласы.


Тұсауы бекем, ауыздықталған жарықтық


Талантты жасқа ұқсап кетеді кейде осы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу