Эсселер ✍️

  10.12.2022
  225


Эссе. Жыраулық дәстүр – хандық дәуірдің рухани қайнары

Жайкбаева Перуза Августовна


Заман көшінде сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі ұлт ретінде қалыптасып, іргелі мемлекет құрып, дербес шаңырағын көтергеніне, ел байрағын желбіреткеніне биыл 550 жыл. Бұл, әрине, аз уақыт емес. Тарих шежіресіне жазылған осынау 550 жылда еліміз небір нәубетті жылдардың, қаралы күндердің куәсі болды. Тар жол тайғақ кешулерден өте отырып, ұрпағының жарқын, кемел болашағы үшін күресті. Қазақ жерінде арайлап атқан елдіктің ақ таңы ең алдымен, осынау дархан даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, алғыр ақылмен, берік тақыммен қорғап, сақтап қалған ата – бабаларымыздың ұлы күрестерінің заңды да нақты нәтижесі. Бұл күнде еліміз төрт құбыласы тең дамыған елдермен терезесін тең ұстайтын, бірлігі жарасқан, еңселі ел, қуатты мемлекет ретінде өзін танытып отыр. Бұл, әрине, тарихымызда өшпес із қалдырған тұғырлы азаматтардың, ел іргесін көтерген басшылардың көрегендігі мен қажырлы еңбектерінің арқасы. Даналықтың дәні егілген байтақ жердің, ұшы қиырсыз кең даланың жайсаң жазықтығы халқымыздың дархан көңіл, кеңдігімен төркіндес. Жан дүниесі соншама кең халық, тұлғасын да тік ұстаған, бір сөз үшін дос болып, бір сөз үшін жауласа да білген. Сондықтан да болар, оның табиғаты тәкаппар, болмыс бітімі биік. Тұғырлылық тереңдікте қазақ халқының төл табиғатына тағдыры тартқан сыйы еді. Осындай ерекше қасиеттердің арасында қазақ халқы бұрын соңды болмаған, таптырмайтын өзіндік ерекшеліктері, келбеті бар рухани мәдениетті дүниеге келтіріп, баға жетпес материалды мәдениетті ұрпағына табыстады. Этномәдениетіміздің асыл арналар, олардың қалыптасып дамуындағы тарихи серпілістер бүгінгі таңда ғылыми тұрғыда жан – жақты зерттелініп, ғылыми таным объектісі ретінде зерделеніп, өзінің бағасын алуда.


Қазақстан мәдениетін зерттеу барысында қазқа халқы тек малшы, жауынгер ғана емес, сонымен қатар сәулетші, мүсінші, ұста, зергер болғанын көріп, бұдан көшпелі өмір салтын ұстанған дана бабаларымыздың мәдениеттіліктің аса асқақ, биік бедерін танытқандығын байқаймыз. Бұған Маңғыстау түбінен табылған мәдени қазбалар, Ақсу-Жабағалыда, Ұлытауда т.б. жерлерде кездесетін таңбалы тастар, Түркістандағы Ахмет Йассауи, Арыстанбаб, Жамбылдағы Айша бибі, Қарахан, Ұлытаудағы Алаша хан, Жошы хан, Аякөз бойындағы Қозы Көрпеш – Баян сұлу зираттары, Түркістандағы тайқазан, Есіктен табылған «Алтын адам» т.с.с толып жатқан еш елде жоқ қастерлі мұраның, бізге жеткен, алайда, тозығы жетпеген асыл қазынаның, заңғар талғамның үлгісін көрсеткен сән-салтанаты жарасқан сәулет ескерткіштерінің болуы, халқымызда он саусағынан өнері тамған хас шеберлердің болғандығын дәлелдейді. Материалдық мәдениетті саф күйінде кейінгі буынға аманаттай білген кемеңгер ұлтымыз, ізін басқан ұрпағын рухани мұрадан да ада қалдырмаған.


Қазақтың ұлттық мәдениеті туралы бірінші рет А. Байтұрсынов «Түркітанушылардың Бірінші съезінде (Баку, 1926) жылы стенографиялық есебінде жан-жақты ашып көрсетті. Ол: «Көптеген заттра олардың (Еуропа мәдениеті) жоғарғы мәдениетті тұрмысы, заттық мәдениеті сияқты рухани мәдениеті де біздің халыққа әлі жетпейді» — дейді[1, 424]. М. Әуезов: «Ол күнде мәдениет жоқ, оның үстіне ислам діні ескіліктің барлық белгісімен қатты алысты» — деп жазды (1927) [2, 19]. М. Әуезов ұлттық мәдениеттің орнына «баяғы бағзы заман ескіліктері» тіркесін, М. Жұмабаев: «тәрбие», «ізгі құлық», «әдет» баламасын қолданады. «Мәдениет» сөзі «культура» — латын тілінде «жерді өңдеу», «табыну» деген ұғымды берген. Көшпелі түркі мәдениетінің айғағындай болған заттық, рухани мәдениеттің нақты көріністері жер жырту, егін егу сияқты, мыс балқыту, бау-бақша мәдениетінің түрлері, халық күнтізбесі ауыз әдебиетінде, тарихи жырлар лексикасында жақсы сақталған. [3, 7].


Халықтың ұрпақ тәрбиелеуіндегі сан ғасырларға созылған өзіндік тарихи тағылымының өзекжарды түйіні бар. Ол тарихымыздан, ауыз және жазба әдебиет пен ұлттық өнер тағылымынан, халықтың дәстүрі мен салт – санасынан, әдет – ғұрпынан, басқа да мәдени мұраларынан айшықтала көрінеді.


Халықтық дәстүрдің бастауы – ауыз әдебиеті. Ғасырлар жасаған, әр түрлі көзқарастағы ақын-жыраулар мен жыршылардың өңдеуінен өткен халық әдебиетіндегі бүкіл бұқара мүддесін жырлайтын да немесе батырлар мен хан, сұлтандарды сөз ететін шығармалар да бар-ды. Халықтың әні әсіресе Ноғайлы дәуірінде (ХІІІ – XVI ғасырлар) ерекше бой көрсетеді. Бұл тұста туған «Қырымның қырық батыры» құрамындағы бір қатар жырларда басқыншылықтарға қарсы тәуелсіздік күрес негізгі тақырып болса, ел қорғау сазы бұл дәуірдегі жырлардың өзекті идеясына айналды.


Қазақ мәдениетінің елең-алаң шағында өмір сүрген, Шоқан Уәлиханов «Қазақ – ноғай ұлысының философы» деп бағаланған Асан жырларының пендешілік атаулыдан да, адам атын ардақтаған, жайсаң өмірді көксеген жана жырауды көрсек Сыпыра толғауларынан бірлік пен татулық көздеп, биік мұраттарға үндеген абзал, ақылгөй бейнесін кездестіреміз. Халық әдебиетіндегі адамгершілік пен ерлік, ел қорғау, халық даналығын суреттеу, берекелі, бейбіт өмірді іздеу идеялары – халықтық абзал дәстүрдің құлан иек атқан таңы, туу шағы болатын.


Қазақ хандығы дәуірінің әдеби мұралары бізге көбіне жазба күйінде және басқа деректі ескерткіш күйінде емес, атадан – балаға, баладан ұрпаққа ауызша ауысу жөнімен, аңыз әдебиеті тәрізді келіп жетті. Біздің сол кездегі әдебиетімізде қара сөз – әңгіме, пьесса, роман жанрлары болған емес, бәрі дерлік жыр – толғау күйінде. Мұның себебі: бір жағынан халықтың көшпелі өмір сүруі, халық өмірінде жаугершіліктің көп болғандығы болса, екінші жағынан, жазба тарихы, баспа сөздің жоқтығы деп білу керек. Дегенмен, осы толғау, жырлардың өзінен де сол заманның суреті, рухы байқалады.


Көрнекті әдебиет зерттеушісі М. Мағауин «Қобыз сарыны» деген еңбегінде (1968) XV – XVIII ғасырларда жасаған Қазтуған, Асан Қайғы, Доспамбет, Шалкиіз, Жиембет, Марқасқа, Ақтанберді, Тәтіқара, Үмбетей, Бұқар, Көтеш, Шал сынды жыраулар мен ақындар жайында қыруар өмірбаяндық деректер, мәліметтер келтіріп: жыраулық поэзиямен ақындар поэзиясының әрқайсысына тән елеулі ерекшеліктерін, көркемдік әдістерін біліктілікпен көрсетіп береді [4,13].


Ақын-жыраулар поэзиясының көркемдік кестесінде терең мағыналы сөздер ұшан-теңіз. Алдымен теңеулердің нендей себептерге байланысты туындайтындығына үңіледі. Сыртқы дүние әсерлері мен түйсік-түсініктерді синтездейтін және өнерпаздық жүйеге түсіретін, болмыстық бейнелер мен моделін, әсемдік, көркемдік, рухани, практикалық тұрғыда игерудің принциптерімен үйлестіре суреттейтін сана қабілеті көркемдік қиял деп аталады. Көркем қиял көркем шындық пен шарттылықтың бірлестік-тұтастығына негізделеді[4,35-36].


«Жер менен туған табиғат халықтың тіл құралына, сөйлеу нақышында өзіндік сурет-таңбасын, із-бедерін, жұпар иісін қандырған» — деп пікір түйеді М. Базарбаев, сондықтан да сөйлеу тілімізде болсын немесе әдебиет тілінде болсын, «мекен мен мезгілдің иісі сіңген, ең жазира жер мен талай заманның таңбасы түскен дәстүрлі, бедерлі сөз халықтың туған тегін тіршілік жайын, тарихын аңғартатын паспортпен тең» [4,38].


Ақын-жыраулар сөздің эстетикалық қызметін, танымдық мәнін шебер меңгеріп, негізгі айтайын деген ойларын, тақырыбын ұршықтай иіріп жырлайды. Бұларға табиғат түйсік құратын және көкейкөз (интуиция) сыйлаған. Әрі біліктілік, зияттылық (интеллекті) қабілетін қосқан. Шығармашылық интуиция ең жоғары дәрежеге ие. Бұл зиялылықтың басты белгісі [4,68].


Жыр дегеніміз – рапсодия. Ал жырламақ деген етістік өлеңдеп айту дегенді білдіреді. Барлық далалық жырлар қобыздың сүйемелдеуінде өлеідеп айтылады. Негізінен, жырлардың мазмұны бұрында өткен белгілі халық батырларының өмірі мен қаһармандық іс-әрекеттері болып келеді. Бұл тұста бір назар аудара кететін жай, шығармадағы батырдың өмірі мен ерліктеріне байланысты оқиға қара сөзбен әңгімеленіп келеді де, ал өлең-жыр жолдары шығарма кейіпкерлері немесе қазіргі қаһарман сөйлегенде ғана басталады.


Ноғай дәуіріндегі жырлар батырлық жырлардай емес, ру-тайпа тартыстары мен хандар айқасы. Тоқтамыс билігінен кейінгі – аласапырандағы батырлар барымтасымен ғана қызғылықты. Қазақ поэзиясындағы мадақ, жоқтау: — ерін жоқтаған «әйел немесе баласын жоқтаған ана өлеңі, осы суырып салып айтатын өлеңдердің белгілі бір ұйқасы, қалыпы болады. Бұл өлеңдер көне Грециядағы Гомердің рапсодиалар тәрізді, жыраулық кәдеге берік ақындар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа, рудан-руға жалғасып, халық арасында кеңінен тарайды, осы өлеңдерді халық өте жоғары бағалайды. Қазақ даласында шырқалған ән, шығарылған жыр көршілес елдерді де қамтып, тез таралып отырған. Шексіз әлемде шарықтаған жыр, бірде, қоналқаға Сыр өзенінің арғы жағындағы қарақалпақтар қонысына келіп қонады. Бұрын – соңды естіп – көрмеген құтты қонақтың хабары атқан оқтың жылдамдығындай шартарапқа тарайды. Сансыз көп қарақалпақтар жыр қонған ауылға жиналып, ғажап қонақты ақшамнан таң сәрісіне дейін құмарта тыңдасады. Жыр қонақтың бұлбұлша сайраған мыңдаған өлеңдері мен әндерін, аңыздары мен жыр-дастандарын сансыз көп қарақалпақтар естерінде сақтап қалады. Ол кездерде туыстас тайпалар бірге көшіп-қонып жүреді екен. Сыр өзенінің жоғарғы жағында тұратын қазақтар мен түркімендер Жыр қонақтың ғажап дауысын естуге, алыстан түн ортасында жетеді, тамашаның соңына ғана ілігеді. Өнердің қай түрін болса да кие тұтқан текті жұртымыз ұрпақ тәрбиелеуде негізгі тәрбие құралы ретінде пайдаланып, осынау құндылықтарды жас буынның зердесіне тоқытып, ұрпағына аманаттаған.


Қай халықтың болсын тарихын ой елегінен өткізіп, өткенін бағамдағанда, оның рухани деңгейін зерделеген орынды. Жүз елу жылдан аса уақытқа созылған патша үкіметінің отарлау саясаты мен 70 жылдық Кеңестік саясат кезіндегі Қазақ руханият тарихы, сол үстемдік саясаттың қаймысымен пішіліп, соның ыңғайына жазылды.


Тарих пен оның қойнауындағы ғасырлар бойы тірнектеп жиналған руханият байлығы ұлттың және таптың қалыпқа салынып, жұртқа барынша бұрмаланып ұсынылды. Бұл қазақ ілімі мен мәдениетінің, өнері мен әдебиетінің әлем мойындайтын іргелі санатта болуына бөгет жасады. Руханият тарихын зерттеуші ғалымдарымыз оның кей зәруліктерінің басын ашқанымен, оларға тереңдеп, түбегейлеп келе алмады. Сөйтіп, тарихтағы ақтаңдақтар көбейе түсті. Адам танымының, ұрпақ білігінің ілгерілеуіне қарса қолдан жасалған қастандыққа бірнеше буынның еті үйренді. Кеңес Одағының ыдырауымен бірге соның идеологиясының келмеске кетуі, халқымыздың жүздеген жыл армандаған бостандыққа, тәуелсіздікке қол жеткізуі қазақ руханиятының қайта жаңғыруына, азат ойдың бұдан былай баянды болатынына куәлік етті.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу