Өлеңдер ✍️

ШЫНАЗҒА АРЗУ
Ауылдың қызығы - масалар ызыңы,
Ауланың қызығы - тәп-тәтті жүзімі.
Өмірдің қызығы - жалт еткен нәрсені аузына салатын,
Сүмбіл шаш, кәрі ару әжейдің Бұзығы…
Ләйлегі ұшатын кең жазып қанатын,
Жемісі молырақ жерде азық табатын…
Жетпегір өмірде тапқанын жеткізіп көрмеген егінші,
Кетпені жоғалса қан жылап қалатын…
Ұрпағын ешқашан көрмеген сорлата,
Ағалар, ағалар… текті еді-ау арғы ата!
Пәлен уақ тыңдайсың Ақсақал батасын,
батасың бақытқа
Пәлен жыл өткен соң қабыл боп сол бата…
Жантайып тыңдайсың өзеннің гүрілін,
Шалқайып тыңдайсың бұлақтың күбірін.
Жатасың жастықты басыңа көмкеріп,
жатқанда желкеңнен,
Айқайлап бір әпкең, шырылдап бір інің.
Жүйкеңе тиген соң, бас тартып бәрінен,
Тәніңнен бөлініп, іздейді жаның ем…
Тыныштандыратын бір әуен тыңдайсың
бір емес, бірнеше…
Бастайсың беріден, аяқтап әріден…
Ырылдап өзіңе төбетің Қарауыз,
Жандарың жақындау, жеткізер ара мұз...
Ауылдан қашасың қайта іздеп келместей, қаланы жақсы деп,
Ауылда Қарауыз, ал қала алауыз…
Әуенді аларсың есіңе көп олақ,
Ауылға қайтарсың… Жер деген домалақ!
Масаны, ауланы, Бұзықты аңсайсың қаладан қашып кеп,
Сол үшін бәрінен бас тартпау керек-ақ...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇