Өлеңдер ✍️

  28.11.2022
  334


Автор: Сүндет Сейітов

ДҰҒА


Әкемді алсаң, ал Құдай, шешемді алма,

Шекпен тоқып берсе де өлмеймін ғой..



(Халық айтқан екен)




Бергі беттен анамыз кеткен түні,

Ары жағына көпірдің жеткен күні.

Көкқарғаның суығы кешіккен кез,

Ауылымның жоқтады бес кемпірі.




Өгей қатын болмайды өз анамдай,

Жас парлаған маңдайда көз оңалмай..

Билеу қандай болады көңіл күйсіз,

Қайғы үстінде сімірген боза қандай?..




Әкемді алса, Құдайым не болады?

Анамды алды, ажалдың шоқ орағы.

Өлім жетіп, жалғызым жоғалғанмен,

Түн ішінде өлең боп оралады.




Жамап берген әкемнің бәтеңкесін,

Киіп алсам, қадайды қатер несін.

Шекпен киіп алғанмын қырыққабат,

Шешем мықтап алған ғой әпергесін...




Шешемді алдың, Құдайым, әкемді алма,

Бәтеңкесінен қымбат өтем бар ма?

Шекпеніммен інімді қорғап жүрем,

Тұмсығымен түртпестей бөтен қарға.




Анамның қайда екенін күн айта ма?

Әкемнің жерде екенін түн айта ма?

Әкесін анасы үшін құрбан еткен,

Халықты түзей көрші Құдай Тала!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу