Эсселер ✍️
2023 жыл — қоян жылы
Келді міне жаңа жыл. Жаңа жыл деп айтыла бастағаннан бір жаңаша сезім пайда болатындай көрінеді. Көп адамдар жаңа жылды тойламау керек деп айтып жатады. «Ол біздің мейрам емес, орыстардың мейрамы» — дейді біреуі. Енді біреулері «Біздің жаңа жылымыз Наурыз айында тойланады» деп қояды. Олардың айтып отқандары да дұрыс қой, бірақ Жаңа жылдың аты жаңа жыл ғой, 2023-ші жаңа жыл есік ашқалы отыр. Қоян жылы есіктен еніп, төрден орын алмақшы. Жаңа жылды жақсы қарсы алып, балалардың көңілін көтеру үлкендерге парыз деп ойлаймын. Ендеше Жаңа жылды өз уақытында тойлап, мереке етіп атап өткенде тұрған не бар?! Наурызды да «Біздің жаңа жылымыз» деп қала, ауыл-аймақ болып дүркіретіп тойлаймыз ғой, сол сияқты Жаңа жылды да тойлайық, отбасы болып жақсы тілек тілеп, қызықты етіп қарсы алайық. Жаңа жылдан жаңа жылға жеткенімізге шүкірлік етіп, Алладан амандық сұрайық. Жаңа жылдың бейнесі болып қоян кіріп, барысты шығарып салып отырмыз. Барыс жылы жаман жыл болмады, шүкір деп қояйық. Дей тұрғанымен өзіне тән қиыншылықтары да болғаны есімізде. Тышқан жылының басы аты жаман аурудан басталса, барыс жылының басы еліміз үшін «Қаралы қаңтар» оқиғасынан басталды емес пе?! Ал 2023 жылдан күтетін жақсылығымыз көп. Қоян жылы елімізде ырыс пен ынтымақ, бақ-береке орнайды деп сенеміз. Қоянды негізі бауырмашылыққа балайды екен. Айтпағым, осы қоян жылында адамдар өзара бауырмал болып, сыйластықта бақытты өмір сүреді деп ойлаймын. Ұлттар арасындағы достастық нығайып, еліміздің барлық аймағында тыныштық пен ынтымақ орын алады деп ойлаймын. Айналып келгенде мұның бәрі халықтардың өзара татулықтарына байланысты болады емес пе?! Елдің экономикалық жағдайы жақсарып, елдің әлеуметі артып, ақшадан таршылық көрмесе, қымбатшылық болмаса, елдің айлықтары мен зейнеткерлердің зейнетақысын уақытылы беріліп тұрса, ел тынышы бұзылмайтынына сенімім кәміл. Бұл жайлы неге сөз етіп отырмын, айтпағым қоян жылы табысты болып, яғни халық азық-түліктен, керек-жарақтан таршылық көрмесе екен деймін. Елдің арыз-шағымдары көбейіп адамдар шеруге шықпаса екен деймін. Қоян жылы тыныш, қуанышқа, шаттыққа, бақытқа толы болсыншы. Тек қоян жылы емес, алдағы жылдардың барлығы да өз қуанышымен өте берсін!
2023 — қоян жылы жақсы жаңалықтарға толы болып, халықты табысқа жетелесін. Денсаулықтар мықты болып, елімізде тек амандық болсын! Ынтымақ пен бірлігіміз жоғалмасын, әр отбасында сыйластық артып, бақ-береке орнай берсін!
Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter