Шығармалар ✍️
Құтты болсын жаңа жыл
Жаңа жыл жаныма жақын мерекелердің бірі деп айта аламын. Ия, «Жаңа жылды орыстардың мейрамы, оны тойлау дұрыс емес» деп айтып жататындар да баршылық. Дей тұрғанмен жаңа жылдың аты жаңа жыл емес пе? Жаңа жылды барлық ел тойлайды. Жаңа жылды «Жаңа жылдың бастауы» деп қарауымыз керек. Қандай ел жаңа жылды тойлағанмен өз елдерінің жаңа жылдық мерекесін тойлайтын күндері бөлек. Мысалы алысқа бармай-ақ Ресей елін алар болсақ, олар жаңа жылды басқа елдер сияқты қарсы алады, мерекелік теледидардан көрсететін концерттер ұйымдастырылып, арнайы жаңа жылдық фильмдер түсіреді. Жаңа жылдан соң өз елдерінің жаңа жылын қарсы алады. Бізде де солай, қазақтың жаңа жылы «Жаңа күн» болып саналатын 22-ші наурызда тойланады. Әрине мен үшін Наурыз мейрамының орны ерекше. Ал жаңа жыл 2023-ші жылды бастайтын жаңа жыл болып табылады. Жаңа жыл негізі отбасы болып жаныңа жақын жандармен, ата-ана, бауырлар, бала-шаға ортасында тойланатын мереке. «Жаңа жылды қалай қарсы алсаң жыл бойы сондай көңіл-күйде жүресің» деген де үрдіс бар. Бұл сөз тек жақсы ниетке ұштастырып айтылған болуы керек. Өйткені жаңа жылда «бәрі жақсы болсын, бәрі жаңа, жаңадан табысқа жетейік, асқақ арманымыз орындалсын» деген арман-тілектеріміз бар. Бір-бірімізге деген ақ тілектеріміз осылай жалғасын таппақ. Сондықтан мен де осы үрдіске шын жүректен қосыламын. Жаңа жылды күліп қарсы алайық та, жыл бойына күліп, бақытқа кенелейік дегім келеді. Жақсы сөз жарым ырыс дегендей, жақсы сөз айтып, періштелер әумин деп жақсылыққа жете берейік, лайым солай болғай...
Жаңа жылдың бір ерекшелігі желтоқсан айы басталғаннан бастап күн санап қалалар қыстық бейнеге көшіп, әдемі көрініске ие болады. Жайнаған шыршалар орнатылып, мұз қалашықтар бой түзейді. Осындай көрініспен көздің жауын алаты, есіктен еніп келе жатқан 2023 жыл — Жаңа жылымыз құтты болсын! Жаңа жыл бақытымен, шаттығымен, тәтті үнімен келсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Табысымыз мол болып, денсаулығымыз зор болсын!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter