Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  438


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Заманның жанға батты зардаптары

Шықпайды айқайласам дауыс қатты,
Болмыстан шошынамын жан-жақтағы.
Асқардың айтқанынан ауыспапты,
Заманның жанға батқан зардаптары.
Аналар қайдасыңдар, қайдасыңдар,
Бір амал ойласыңдар, ойласыңдар,
Сіздерге ой салуға тиістімін
Ақын ғып міндет артып қойғасын да.
Адамдар бірін-бірі талап жатыр,
Заңгерлер қылмыстыны санап жатыр.
Сіз болып, біздер болып әр отбасы,


Түсе алсақ түзу жолға жарап жатыр.
Шыққыр көз көріп жүр ғой көретінді,
Бейшара әлсіздерге, жанашыр кім.
Айтамын болашаққа не бетімді,
Сөзімді жеткізе алмай алас ұрдым.
Көңілге ақыл айтсақ салмақ қылар,
Қолыңда билігі бар бармақтылар.
Жас келіп күш қуаты қайтқаннан соң,
Амалсыз үнсіз отыр ардақтылар.
Шындықты айтам шыңғырып қозғағасын,
Жамандыққа кім қияр өз баласын.
Мыңнан алып әржерде сатып жатыр,
Менің, оның, ананың бозбаласы.
Күдік кірді күмәнді көңілге шын,
Жағдайымыз тарихқа, өмірге сын.
Шетелге ұқсап байыймыз деп жүргенде,
Қабырғамыз ырсиып сөгілмесін.
Тоналған ауыл-аймақ еріншегі,
Тонаушы пысықайлар, келімсегің.
Алушы, сатушы да құдайым-ай,
Қазақтың қара торы келіншегі.
Қала барды, қайтадан дала барды,
Қоржын-қоржын заттарды ала барды.
Пәлен есе қымбатқа затын сатқан,
Шыққыр көзім көріп жүр аналарды.


Ұрпақтың қалай болар бақ-талабы,
Саудагер болса көріп жаттағаны.
Заманың осыған кеп тіреген соң,
Мен қалай күнелтем деп ақталады.
Тау тасқа шағылғанда үміттері,
Ақынның өтпей жатыр үгіттері.
Жеңілдің үстіменен жүріп жатыр,
Қазақтың тау қопарар жігіттері.
Қиюы кеткен неғылған заман еді,
Тияр ма едім қолымда болып тетік.
Айналып жер кетпесе жарар еді,
Кеудесі көр пендеге толып кетіп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу