Өлеңдер ✍️

  12.11.2022
  134


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Мұқтартану дәрісін қолға алайық!

Мұқтар ата қазақтың данышпаны,
Қазақ деген халықтың қарыс бағы.
Өз тілінде әр халық кітап жазып,
Ғылымыңнан ұлағат алысқаны.
Даналықтың шуағы шашылғанда,
Көкірегі халқыңның ашылғанда.
Мұқтар ата сездіңбе жақсылықтың,
Жалғасарын ғасырдан ғасырларға.
Жаныңды ұққан жас, кәрі балдырғаны,
Арманыңды аяқсыз қалдырмады.
Ұлылығың әлемге әйгіленіп,
Есіміңнің тарихта жаңғырғаны.
Жасайтұғын сан ғасыр алтын ата,
Сөз маржанын шашып ең жарқырата.
Аудармадан оқып жүр о, қасірет,
Ана тілін білмеген халқың ата.
Халық болдық құралған құрамыстан,
Не дегенмен арылдық бұғалықтан.
Бірге тойлап тойыңды Мұқтар ата,
Жиырмасыншы ғасырды шығарып сал.
Мұқтар ата айтатын арызым көп,
Алып жатқан шет елден қарызым көп.
Рухыңмен халқыңды жебеп жібер,
Айтып қойдым ақындық парызым боп.
Мақтанышым Мұқтар да, Абайым да,
Айтып алмай аузымды жабайын ба.
Қос шынардың сөйлеген тілін сыйлау,
Емес пе еді парызың ағайындар.
Қолдан беріп намысты қойған айып,
Ойланайық ағайын, ойланайық.
Ана тілін білуге бағыт алып,
Мұқтартану дәрісін қолға алайық!
Білгішақпыз алға жан салдырмаймыз,
Газет-журнал жаздырып алдырмаймыз.
Үйге егер бір қонақ басын сұқса,
Тентек судан көңілін қалдырмаймыз.
Өзен - кері-ілгері ағып жатыр,
Халық бақыт көпірін салып жатыр.
Оңды-солды баюға қол созғандар,
Рухани жағынан азып жатыр.
Жайлау қайда, мал қайда, дала қайда,


Өзге тілде сөйлейді балақайлар.
Егеменді ел болдық, етек жыйдық,
Ана тілін сөйлетер шара қайда.
Кірмелерге қол бала болдық қанша,
Шегі барма, созылмақ зорлық қанша.
Балық бастан шіриме деп қорқамын,
Мұқтартану заманы орныққанша.
Мұқтартану заманы орнағанда,
Шетелдік боп кетпейік сорлағанда.
Әйел, еркек шортикқа көшіп кеттік,
Неміз қалды шетелдік болмағанда.
Бабаларым намысшыл емес пе еді,
Ортаңызға мен келдім кеңескелі.
Ана тілін түсінсе осы халық,
Ұрпақтары Мұқтардың демес пе еді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу