Өлеңдер ✍️
Ақын Ботакөз Баймақанқызына
/ облыстык теледидар қызметкері
Ботакөз қызым қал калай,
Арманың қандай әрі қарай?
Ал, өзімнің жағдайым,
Көңіл күйім әр қалай.
Керемет деп те айтпаймын,
Жаман деуге де батпаймын.
Екеуінің арасы,
Шындықтан қалай аттаймын.
Тұрсада аты арындап,
Тағдырға адам бағынбақ.
Анаңа шаққан мұңыңды,
Анаң боп алдым қабылдап.
Теретін маржан тұнықтан,
Ақынның жанын кім ұққан.
Өлеңің қозғап жіберді,
Жазуды көптен ұмытқам.
Ақын боп туылғасын да,
Ашасың сырын басқаның.
Толғаныс куырғасын да,
Туады өлең қас-қағым.
Жайыңды айтып бертіңгі,
Кеудеңе тұнған дертіңді.
Анаңа айтып алғаның,
Сәніңді тағы келтірді.
Ажарың, сәнің келісті,
Тұлғаң да оған лайықты.
Мекенің жұмақ жер үсті,
Қосасың жырға Жайықты.
Қадірін сөздің ұғатын,
Саналы жандар баршылық.
Алдыңа қойған мұратың,
Қалмаса болды жаншылып.
Жаныңның ұқпай қынжылын,
Қадірін білмей құрбының.
Іші тар замандастарың,
Араларыңда жүр бүгін.
Адамның сырын ашатын,
Қиюын тапқан сөз ғана.
Мауқыңды сенің басатын,
Өлеңге қосқан боз далаң.
Өлеңді сүйер халқың бар,
Ботажан жырла тартынба.
Сен жайлы дерек іздейтін,
Жоқтаушың шығар артыңнан.
Өнерді сүйер халықтың,
Өнерін елге таныттың.
Осы бір түста сөйлейсің,
Тұлпарын мініп шабыттың.
Ақын да сенің жадыңда,
Шебер де сенің жадыңда,
Айтылар әлі әнің бар,
Абзалы қызым бағың бар.
Дауысыңда бар жағымды,
Дауысыңды қызым сағындым.
Анашың алыс жүргенде,
Қасыңнан анаң табылды.
Дарының қысып ақ қызым,
Салмағы түссе санаңа.
Азабын қойса тартқызып,
Аллаңа шағын, анаңа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter