Өлеңдер ✍️

  09.11.2022
  199


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Соңғы үні коңыраудың

Құрметті ұл-қыздарым, қарақтарым,
Жайқалған жапырағым қанаттарым.
Соңғы үнін қоңыраудың сыңғырлаған,
Таялды еститұғын сағаттарың.
Бітіріп онжылдықты тарайсыңдар,
Азамат, өздеріңді санайсыңдар.
Өмірде бұралаң жол көп болады,
Күтіп тұр алдарыңда талай сындар.
Бітіріп онжылдықты тарады деп,
Қуанар құсым ұшып барады деп.
Сендерді жақсы десе ата-анаңыз,
Шаттанар балапаным жарады деп.
Бітіріп онжылдықты тарады деп,
Өмірге жолдама алып барады деп.
Сіздердің баршаңызға бақыт тілеп,
Тұр, міне, алдарыңда ана жүрек.
Ұрпақты мақтан етер халқымыз бар,
Өміршең дәстүр де мол салтымызда.
Біздердей аналарда не арман бар,
Сіздердей ұрпақ өссе артымызда.


Оқытып білім берді Отан-анаң,
Отанның намысына кір жақпаңдар.
Бата ғып қолын жайған ата-бабаң,
Баласы аттанарда бір жақтарға.
Аяулы алтын ұя мектептерің,
Жатсынып еш қайсыңды шеттетпеді.
Сіздердің ұяңыздан ұшар сәтің,
Ұшқандай көңіліңнің көк кептері.
Бұр жарып, көктеп тұрған орманымсың,
Сендердің болашағың толғағым шын.
Ертеңгі сынақтардан жақсы өтіңдер,
Қашан да сапарларың оңғарылсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу