Өлеңдер ✍️

Кішірмендер, ақындар, кішірмендер!
Кішірмеңдер, ақындар, кішірмеңдер,
Биіктігіңді ұғар түсінгендер.
Түсінбесе түсінбес, сөздеріңді,
Тиіп кетіп өзіне ісінгендер.
Жырларыңнан көрінсін асқақтығың,
Асқақтардың маңдайын жасқапты кім.
Шүрегейге шүйілсін қырғи жырың.
Кішірмеңдер өлеңді тастап бүгін.
Ағайынның тойымсыз айласы мың,
Ақындары ауданның қайдасыңыз.
«Жан ашырлар» көбейіп жатқан тұста,
Маңдай терін халқыңның пайда қылып.
Ел ырысын ұрлап жеп-пісіргендер,
Тиіп кетіп сөзіміз ісінгендер.
Шошынғындай қыран жыр ұшырыңдар.
Кішірмеңдер ақындар, кішірмеңдер.
Текті ақын жасқаса, жана түсер,
Ойламаңдар бақ өсер, баға түсер.
Адамдық пен арамдық арпалысса,
Жыр семсерің халқыңа ара түсер.
Халық мүңын, дер біреу айтпа маған,
Қынжыларсың білгені осы болса.
Халқың үшін өкінбе қайтса бағаң,
Шыңдала түс бетіңнен осып алса.
Ақынбысың-халықсыз, осыны біл,
Тойымсызды шошытсын тосын үнің.
Боратыңдар өлеңді ақындарым,
Айбарлы жыр керек-ақ осы бүгін.
Құлақ түрмес халық жоқ, өлең десе,
Көлеңкелі іс көбейіп көлеңдесе.
Айтар кезде айтарын айтып алмай,
Кінә, ақын кішіріп төмендесе.
Бас кесілер, жоқ бірақ тіл кесілмек,
Ғұмырды ақын халқымен, бірге сүрмек,
Ақындардан жаны бар жыр күтемін,
Иықтары салбырап жүрмесін деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter