Өлеңдер ✍️

  05.11.2022
  177


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Қайғыңа ортақтасамын

Жексенбі күні «жорықта»
Екі қыз суға кетіпті.
Хабарды жайсыз жолыққан
Кешірек жұрттан естіппін.
«Серуен» деген сапарға,
Ажал ғой айдап апарған.
Біреуге жайлы біреуге
Тағдырдың ісі қаталдау.
Төбе құйқам шымырлап,
Тас төбеме жиналды.
Азалы әнмен ыңқылдап,
Өлең жаздым қиналдым.
Қайғырғанда тартамын,
Ақындықтың азабын.
Қайғылы әнді қағазға,
Көз жасыммен жазамын.
Біреудің өрттен ажалы,
Біреуге судан екен ғой.
Мәншөк, Мүти қарағым
Бекем бол, енді бекем бол.
Орны толмас қазалар,
Ер жігітті сынайды.
Қайрылмасты азалап,
Бор кеміктер жылайды.
Ерте солды қызғалдақ,
Көздің нұрын қандырған.
Қасірет қарып тұрғанда,
Қайғыға қарғам алдырма.
Орны тұрар қаңырап,
Анасы қалды аңырап.
Қайыр болсын айтуға,
Қайғырып жұртың ағылар.
Таусылып дәмі бір үзім,
Ертерек кетті-ау, құлының.
Қолыңда бар ғой ұл-қызың,
Қайғыңды басар қызығың.
Жырақта жүрген жақының,
Азалап жылап көрісті.
Қызмет қылып күн-түні,
Қайғыңды халқың бөлісті.
Су да сенің, қойныңда,


У да сенің, қойныңда.


Қос сәбиді алдың ғой,
Жер ана енді тойдың ба.
Қайғырдың қатты байқадым,
Басымды үнсіз шайқадым.
Жыламас болар азамат,
Қайғыңа жоқтау айтамын.
Қолыңда бар ғой балдырған,
Сүйгенде мейір қандырған.
Қайратқа жеңдір қарағым,
Кайғыға кұрық салдырма.
Өмірдің адам қонағы,
Туады қайта солады.
Қайғы мен шаттық алмасып,
Бәрі де ұмыт болады.
Ажалға өкпе қойма зіл,
Ісі ғой бәрі Алланың.
Иманың болсын жолдасың,
Бақыл бол, кызым Бағдагүл.
Қайғының тартпай азабын,
Халқыңды басқар қарағым.
Қыруар жұмыс қарап түр,
Кете алсаң алып, жарадың.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу