Өлеңдер ✍️

  05.11.2022
  224


Автор: Дәмелі Құсайынқызы

Ал, халайық, тойларың тойға ұлассын!

Есімін ел білетін бар адамдар,
Көп емес, аз да емес санағанда.
Өмірден ертелі-кеш озды дейді,
Совхоздың ірге тасын қалағандар.
Есімі ардақталған тірілердің,
Санында жүргендердің бірі менмін.
- Деп кейде кейбіреуі сыр шертеді, -
«Той болып шақырылсақ, жүгірермін».
Кім сізден аяр дейсіз жақсылықты,
Көрдіңдер бейнетті де тапшылықты.
Айтады кейбіреуі аңыз қылып,
Көк суын іріткінің ас қылыпты.
Бұл күнге қиындықпен жеттік дейді,
Өмірдің қияметін өттік дейді.
Бір уыс бидай ұрлап көзге түссек,
Айдалып түрмеге де кеттік дейді.
Біз деген деп сөйлейді, не көрмедік,
Айдалдық шахтаға да көгенделіп.
Тек қана төзімділік қайрат берген,
Әйтпесе, аштық жылдар неге өлмедік.
Әйелдер пішен шауып, шөп тасыпты,
Майданға шұлық тоқып, оқ тасыпты.
Асырып бар адалын қан майданға.
Талқаннан талғажау ғып ботқа асыпты.
Жоқтықтың көрген талай зардаптарын,


Жоғалтқан қан майданда ардақтарын. Соғыстың
қан жылатқан қасіреті,
Әйелге салды дейді салмақтарын.
Естелік шертіп отыр әжелерің,
Олардың әзір шығар кәделері.
Совхоздың алпыс жылын тойлап алып,
Тойлауда жетпіс жылын-дәмелері.
Алпыс жыл аз да емес, көп те емес,
Беріп жүр арамызда көпке кеңес.
Соғыстан аман кайтқан ағатайлар,
Еңкейіп қасіреттен шөккен емес.
Ыбырай, Кәри, Латып, ағаларым,
Көбейді ұрпақ шашты балалары.
Соғыстың ардагері аталып жүр,
Бақытты-жайлау қазір жағалары.
Үлгі қалар ол кісі жүрген ізде,
Әдем ағай отыр ғой іргемізде.
Қадірі өтті бір айтар ағамыздың,
Байланыс торабынан білген іздер.
Кетті ғой орындалмай бір арманы,
Іренжіп арызданбай тұра алмады.
Соғыстың ардагері еді Сүйініште,
Жаңа үйді көп сұрады, кіре алмады.
Не жетеді ауылдың қалашына,
Ыссы нанды жұрт алды таласып-ақ.
Алғысында кезінде аяған жоқ,
Марқұм болған Кұбидай ағасынан.
Алтыннан да ардақты нарқың болды,
Қолың сенің Зәріпжан алтын болды.
Жақсылықты халқыңа көп жасап ең,
Құрдасы едің совхоздың марқұм болдың.
Малды төлден өсірген малшыларым,
Қайсыныңның дей алам жақсы халың.
Осы тойдың құрметті қонағы етіп,
Сізді тойға шақырар басшыларың.
Ала жақ па халқына, бере жақ па,
Оған жауап ауылы бере жатар.
Мен білетін Бижанов Аманғазы,
Қызмет қып қалтқысыз келе жатыр.
Сәрсенғалиев Серікті ұмытпалық,
Күнінде дүрілдеген партком болған.
Басынан асып жатыр жүмыстары,


Жасап жүр сондай жұмыс арты оң болған.
Сыйлаймыз Молдағали ағамызды,
Орденін таққан Ленин бабамыздың.
Заманым жақсарып-ақ кетер еді,
Жақсылар толықтырса арамызды.
Ерлердің қыздар да бар құрамында,
Қазағым халықсың ғой шыдамың бар.
Айғаным, Тояшым бар совхозымда,
Ойнаған трактордың құлағында.
Суретші Махмұд бар арамызда,
Сабақ берді күй тартып баламызға.
Әзірленіп бұл тойға күйді тартса,
Күй тындауға, әрине, барамыз да.
Қиындықпен өмірі басталыпты,
Отыз бес жыл мектепті басқарыпты.
Ерте түрып, кеш жатып Мәбден ағаң,
Жанын салып жұмысын атқарыпты.
Ата-анадан естіген алғысы көп,
Отыруға жүмыссыз барғысы жоқ.
Қырық үш жыл ұстаздық етсе дағы
Чапай ағаң, жұмыстан қалғысы жоқ.
Кейбіреулер тірнектеп мал жияды,
Кеудесіне кейбіреу ән кұяды.
Рухани байлыққа қанбайтұғын,
Кім білмейді мүғалім Ақзияны.
Озат малшы Мақсот пен Ерік дейді,
Бағалаған еңбегін Серік дейді.
Уақытында мадақтап отырған соң,
Қандай адам ондайға елікпейді.
Ғазез, Айдын кезінде малшы болған,
Мақтануға орынсыз қарсы болған.
Ұмытылып кетіпті соңғы кезде.
Көңілдері сондыктан жарты болған.
Сайын, Опа, Ақболат ағаларың,
Құрылыс салды келгенше шамалары.
Эстафета ауысып баласына,
Жанболаттай жалғады балалары.
Ұмытсақ Райхандай ағамызды,
Жеңгеміз көрмей кетер қарамызды.
Екеуі көшіп барып қалада отыр,
Тегістей біліп алған қаламызды.


Жаңыласың үйлерді санап ақыр,
Осы совхоз үлкейіп бара жатыр.
Махамбет пен Қайыржан салған үйлер,
Қала болар кешікпей, қара да тұр.
Киім болар, ас болар мал жисаңыз,
Қуат кірер бойыңа қан жисаңыз.
Дері сөзсіз осылай елде болса,
Дәрігер Қапышева Ағисамыз.
Сөйлесе сөзге ешкімді ілдірмейді,
Акушер Зәурешті енді кім білмейді.
Кіндік кескен баланың аналары,
Оған борыштарлығын білдірмейді.
Тізе берсек көп болар жақсыларың,
Татқан тұщы өмірдің ащыларын.
Осы тойда көрерміз аман болсақ,
Бұл совхоздың, бұрынғы басшыларын.
Ел аузында айтылды аты аңыз ғып,
Директор Кудрявцева апамыздың.
Қазақ пен түсініскен орыс қызын,
Кей кезде әңгіме ғып жатамыз біз.
Еске алсақ Сисенбаев ағамызды,
Ұрпағын осы ауылдан табамыз-ды.
Еңбегі сіңген адам осы елге,
Ұмытсақ аламыз ғой жазамызды.
Совхоздың шаруасын жолға қойған,
Түзетіп қисық жерін оңға қойған.
Жетпіс бірде директор болып тұрған,
Қала алмас Сади ағай ол да тойдан.
Үйренген бауырлардан шығыспалық,
Кетсе екен қас-қабағым дұрысталып.
Совхоздың өрге тартқан жанның бірі,
Прокоф Нагай қартты ұмытпалық.
Алдынан іренжісіп шығатынбыз,
Жайыңды соңын ала ұғатын-ды.
Кегі жоқ Азамат қой дейтін едім,
Директор Шоланбаев Мұратыңды.
Ақ жігіт жарқылдаған Марат інім,
Тұрғандай үміт үшін жаратылып.
Елім деп еңірейтін, ерме деуші ем,
«Елім-ау» кетпесе екен таратылып.
Басталған аяқталмақ күздегі іс бар,
Диірмен, фонтан, ішкі түздегі іс бар.


Шұжық пен нанның цехын іске қосты,
Бойында Мүти інім ізденіс бар.
Көзге түскен еңбекте жастарым көп,
Атын атап олардың жатқаным жоқ.
Тірілік болса тойларға, той ұласар,
Алдарыңда алынбақ асқарың көп.
Болып тұрса тыныштық жерімізде,
Тәуелсіздік орнықса елімізде.
Көк байрағым желбіреп түрар болса,
Қиындықтан шығармыз, сеніңіздер.
Айтылмаған есімі тарландарың,
Айтыларсың, еңбекте қақ жарғаның.
Жетпіс жылдық той тойлар күнге жетсек,
Сол уақытта жырлармын қалғандарын.
Түкті болсын жігіттер жүректерің,
Мықты болсын еңбекте білектерің.
Асқақ болсын әрдайым армандарың,
Құтты болсын сүйенген тіректерің.
Ұрпақ өссін, есейсін-бойды бассын,
Төрт түлек мал көбейіп ой-қыр ассын.
Алпыс жылдық тойымыз, кұтты болсын,
Ал, халайық тойымыз, тойға ұлассын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу