Өлеңдер ✍️

  20.10.2022
  507


Автор: Темиргалиева Меңдігүл Мұханбетжанқызы

Күз келіпті-ау....

Айналдыра көңілсіздеу, сүреңсіз,


Ағаштар да көрінеді реңсіз.


Айырбастап жаздың жасыл шархатын,


Апырмай, ә...келіп қапты-ау, күрең күз.


 


Әрлеп, алуан түске бояп маңайды,


Әнтек қана бұлттан Күн-қыз қарайды.


Әне-міне деп жүргенде турап сап,


Ә дегенше "жеп қойыппыз" жаңа айды.


 


Мөлт еткенде  жапырақтан таңғы мұң,


Моншақ етіп жырға тізіп тағындым.


Маужырайды қалғып-мүлгіп қара ағаш,


Мизамшуақ балқытты ма тамырын?


 


Қыз-ғұмырдай құстар кетіп барады,


Қанаттарын сүйіп күздің самалы.


Қайырылмастан бара жатқан адымдап,


Қайран уақыт... жүректе ізің қалады.


Адамдарға бағалы...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу