Өлеңдер ✍️

  13.10.2022
  155


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Ақсамалға

Жауапсыз мені қатырдың,


Ұйқысыз таңды атырдым.
Тұңғиық ойға батырдың,
Жүрекпен жылап жатырмын.
Көңілім, көкке қол созба,
Шамаңмен шапқын ақырын.
Көрген сәттен өзіңді,


Адасты менің ақылым.
Өзіңнен жауап болмаса,
Өмірден өтем мақұрым.


Алдамшы бес күн өмір бар,


Алатаудай көңіл бар.
Шалажансар жусан тұр,


Қалың шөптен бөліп ал.
Шырмауға шырмап оралдым,


Қажетім болса сөгіп ал.


Жанымды жаздай жайнатар
Жүрегіме жамал бол.


Қырық батыр қылғынар


Алынбайтын қамал бол.


Сағынсам лебің сергітер


Сипап соғар самал бол.


Самалымды сүйемін,
Жасырын айтқан амал бұл.


Қалмады менде басқа амал,
Жүректі жардың тас қамал.
Өзіңді сүйіп өтермін,


Айдай ару Ақсамал.
Өзіңдей тәтті қас ару


Қойныма менің түнемес.
Жылатып нәзік жанымды,
Шаршатты мені сұм елес.
Жолыңда сенің, жаным-ау,
Науқасым маған түк емес.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу