Өлеңдер ✍️
Бір қызға
Тұрса да темір тәртіп бағындырып,
Келмейсің бе қасыма, жаным, біліп.
Қайда кеттің, ғашығым, сағындырып,
Сені сүйем түсімде сағым қылып.
Басымнан қара бұлт кетсін көшіп,
Бірге атсын өзіңмен таңым күліп.
Тар тесікке кептелмей сыяр сенім,
Үндемесем, үмітін тыяр дедің.
Жанымда жайнап гүлдей өзің жүрсең,
Жанымды құрбандыққа қияр едім.
Өзіңмен салғыласып санаспаймын,
Сүймесең, сезіміңе жақ ашпаймын.
Сүйгенің сені мендей бағаласа,
Бара бер, еш уақытта таласпаймын.
Тиіспесін ешқайсысы самал бауға,
Абыройды алдырмадым қамауға да.
Шаһарға бір сен үшін келіп едім,
Көңілім қалды менің
Алатауда.
Табамын тау түбіне тығылмасаң,
Махаббаттың мың парақ сырын ашам.
Табиғатпен мұңымды айтып сыбырласам,
Жыр жазамын тағымнан жығылмасам.
Болашақ менің жарым қайда екен,
Көз көрмейтін бәлкім ол сайда ма екен.
Ақ ниетпен егерде келер болса,
Кез келген қиындықты айдап өтем,
Менің үнім құлағына жетсе егер,
Барша жұртқа бақыт жайлы сайрап өтем.
Қорқақ қоян келе жатыр арамызға,
Кім ем болар екен-ау жарамызға.
Көңіліміз көркем еді, селкем еді,
Біз осылай алыстап барамыз ба?
Ағаңның тік тұруға дәрмені жоқ,
Тұсауым тайып туған қара мұзда.
Көңіліңе қараймын қапалансаң,
Еш нәрсе болған жоқ қой арамызда.
Сезімім саған қарай ұмтылады,
Көңіл шіркін тек саған ынтығады.
Жүрекке әмір, бұйрық жүрмес деген,
Жүрегім бағынбастан бұлқынады.
Ғашық еттің ғажайып күлкіңменен,
Жүрегім жиі соқты лүпілдеген.
Ойланшы, ғашықтықты бағалашы,
Тамағыңнан сүйгізші бүлкілдеген.
Ішкі дүние ешкімнен кем емеспіз,
Жадыраған көктемге тең емес күз.
Сен тұрғанда жадырап, мен қалжырап,
Екеуміз бұл өмірде тең емеспіз.
Шыдамастан махаббатты шымшылаймын,
Хабар күткен өзіңнен тыңшыдаймын.
Жүрегімді жылаттың ғашық қылып,
Жауабыңды бергенше тыншымаймын.
Жарқырап атқан менің ғана күнімсің,
Шоқтай жанған жұпар шашқан гүлімсің!
Сені ойлап көзім менің ілінсін,
Ғашықтығым өлеңімнен білінсін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter