Өлеңдер ✍️
Жылқыша жырлаймын
Толқиды екен шабар ат,
Шаршап шабар жаралы ат.
Шөлде шапқан жүйрікпін,
Өзен бойын жағалат.
Жүйрікке, тағдыр, шүйлікпе,
Сағаңды мөлдір сағалат.
Шүйліксе, жаным, илікпе,
Мықтылығыңды бағалат.
Өмір деген сынақтың
Ақ-қарасы қаралад.
Жыр болып аққан бұлақпын,
Нәрім тез-ақ таралад.
Мықты болсаң, өзіңді
Солмай тұрып бағалат.
Жырымды сүзіп сараптау,
Өзіңе, халқым, аманат!
Көрсеттім көпке шыдамды-ай,
Шабытпен шаптым ұрандай.
Өмірге көз салсаңыз,
Мен мына ақсақ құландай.
Өзімді өзім суыттым,
Бәйгеге қосар құнандай.
Жыр жорғасы мен едім,
Жырлайын жұртқа ұнамды-ай.
Менің атым қиялап шауып келеді,
Алла маған түзу жол, бағыт береді,
Ер-тоқымым босаңқырап, ауып келеді,
Қара жауын үстіме жауып келеді,
Қара жауын – суық тер шылқығанмен,
Жылытып,
Аллам маған шабыт береді.
Қазір жолым қараңғы болғанымен,
Үміттенем, Жаратқан жарық береді.
«Бақыт деген адасқақ еді» дейді жұрт,
Бір күні бақ мені де тауып келеді.
Аламанға, халқым-ау, балаң шықты,
Жырым мені жүйіткітіп ала шықты.
Алдарыңнан дүркіреп өте шығам,
Бос жіберіп тізгін мен таралықты.
Тұлпарды жанарынан байқайды екен,
Көріңдерші оттай жанған қарашықты!
Саналыға салмағы ауыр сын түстің,
Туа сала тұла бойды шын қыстың.
Гүлсарының күйін кештім өмірде,
Кейіпкері
Айтматов Шыңғыстың.
Сұлу сөзбен бұқаны да сүзермін,
Тағдыр сызған шимай жолды түзермін.
Гүлсарының тірсек қиған тұсауын,
Алмас тілмен аман болсам үзермін.
Жұға берер ұшы жоқ зарлы қалам,
Тұсауға қырық құлып салды маған.
Қырық құлып тілімді тоқтата алмас,
Жыр бәйгенің
Гүлсарыша алдын алам.
Бұл өмірде тек қана ғаріп денем,
Несібемді айқаспенен алып келем.
Жалдан ұстап жыр мінген шабандозбын,
Тұлпарым бар шаң қаптырар шабыт деген.
Жыраулар жазық жолды салып берген,
Шауып шығам солар салған бағытпенен.
Жүйріктердің желісін бағып келем,
Аламаннан жұлдызша ағып келем!
Шаңымда талай тұлпар қалады әлі,
Қамшым тұрған кезде халық деген.
Бітпеген алда біраз ісім боп тұр,
Талпынсам тас шайнаймын, тісім өткір.
Жыр додаға қосылдым қарқыныммен,
Ұлдарың азу жарып кісінеп тұр.
Ышқынса тайсалмастан тор да үзді,
Жырлағанда жүрісі жорға ізді.
«Жас ақын» деп айтпаңдар, ей халайық,
Бұл жігітің опырайтып орда бұзды.
Бір биені аз күшіммен құлындатсам,
Кешіріңдер бойда барды тығып жатсам.
Қиындық ұшып кетер, сөз беремін,
Көз алдымда сәбиімді шырылдатсам.
Бұл бәйгеде тұяқ аз сүрінбеген,
Оза шапса сүрінгені білінбеген.
Шабарда аламанға сылын деген,
Тұлпармын қалың көзге ілінбеген.
Тобырдың тепкісінен түнек туды,
Дара шапсам күн туар күлімдеген.
Қуған жетпес дүниенің түбіне,
Бұйырған кетпес, май боп түсер күбіңе,
Асауың теппес, үйренсе сенің үніңе,
Тұщы тер кеппес, шуағы ащы күніме.
Болмайды маған бір тыным,
Кеуіп жүр менің құлқыным.
Мұз түбінен нәр жалап,
Кезіп жүрген жылқымын.
Тұлпармын жыр додада үркімеген,
Тұяғы тасқа тиіп дүркіреген.
Бұлттай кезіп жүрмін көк аспанды,
Көз жасы көл бетіне сіркіреген.
Ақ жауынмын, нөсерлеп өте шығам,
Найзағаймын, күңіреніп күркіреген.
Кетпенмін жүзі өткір, сабы бүдір,
Тегістеп берші, інім, түрпіменен.
Өмір – бәйге, шабайын ойқастатып,
Жаным бір жаралған ғой жылқыменен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter