Өлеңдер ✍️

  11.10.2022
  134


Автор: Нұрмұхаммед Әбілқасымов

Айтарым бар

Халқыма бар ашып айтар, жазарым,


Аш қасқырдай түседі жұртқа назарым.


Аллам маған шабыт берген шаршатып,
Көріп келем ажары мен азабын.


Сөз қозғасам қалың жұртқа жалпылап,
Үміт оты тұрғандай бір жылтырап.
Шумағым бар татып көрсең бал шұбат,
Әлсіз үнге, халқым, өзің сал құлақ.


Біреулер жүр шүберекпен жарқырап,


Ағын судай аққым келед сарқырап.
Шабыттансам тұла бойым тулайды,


Аяқ-қолым жаздырмайды қалтырап.
Көзімді дір еткізді ұзын қасым,


Бұл ағаңа бәрі жаз қызынғасын.


Сөздерім ащы тиер таласқанда,
Өйткені бұл жалғанда тұзым басым.
Тоқтықта бізді ешкім менсінбейді,


Ащы тіл қия тиер сылынғасын.
Тілімді тебірентіп берген тәңір,
Түп тамырым жартылай жұлынғасын.


Асқақ арман орындалар ниет болса,
Шағала шалқып ұшар жиек толса.


Мен дағы шалқып ұшып кетер ме едім,


Домбырамда нық тұрар тиек болса.
***
Жұмыр жер, құшағың неткен кең еді,


Қойныңа тарттың неше бір алып денені.


Сен шөлдесең, көктен Алла көлдей нөсер себеді,


Мен шөлдесем, тамшы таппай, таңдай құрғап кебеді.


Қураған соң, бұлақтың да болмас маған керегі,
Неге менің несібемнің түбі тесік шелегі?
***
Қиын тағдыр, басымнан ерте кетші,
Келсең бақыт мен күткен, ертелетші!


Қойыныңда бәрі ойнап, жүр ғой тойлап,
Туған жер, мені де бір еркелетші!
***
Тағдырымды тайраңдаған байлатыңдар,
Туған жер, байлар сенің қайратың бар.


Қиын-қыстау бу болып ұшып кетсін,


Самаурындай сақырлатып қайнатыңдар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу