Өлеңдер ✍️
Теңеу
Көңілге қырау қатса да,
Көгеріп жатыр бөктерім.
Қайығым суға батса да,
Тұншыға жүзіп жиектедім.
Үйіліп уайым жатса да,
Арымды жерге төкпедім.
Ақ таңым айсыз атса да,
Келеді күліп көктемім.
Батады, тағдыр, тепкенің,
Жарама тұзды сепкенің.
Өзіңе тура беттедім,
Неткен мықты епті едім.
Діттеген жерге жетпедім,
Жолымды неге шектедің?
Тағдыр-ау, бұл неткенің?
Төбемнен төніп кетпедің.
Жырыммен жаңбыр жауғызсам,
Жеңіске сөзсіз жеткенім!
Бітпейді күндер сол қилы,
Тербеліп көңіл толқиды.
Көңілді тыңсыз қалдырсам,
Жүректі сезім жұлқиды.
Жүректі алдап жұбатсам,
Бағынбай асау бұлқиды.
Қысылып шыққан қамау тер,
Құрғақ жер қалмай шылқиды.
Ызғарға тоңған тұла бой,
Бақыттан қашан балқиды?
Шаршаған шара қу басым,
Шаттанып қашан шалқиды?
Көңілге құлып сал мейлі,
Жүректі жылат, жар мейлі.
Таусылмас төзім соңында,
Мұң-зарым көкке қалқиды.
Адамзат мәңгі сүрмейді,
Көпшілік мұны білмейді.
Тағдырым теріс қараған,
Жымия маған күлмейді.
Дұшпанға таба болсын деп,
Тілімді шилеп күрмейді.
Тырмысып жаным таласқан,
«Көзіңе мені іл», – дейді.
Сөнейін деп тұрған шоғымды
Шабытым кенет үрлейді.
Күдікті шағым тұрса да,
Үмітті бағым гүлдейді.
Алғыр қыран қонбаған
Гималайдың құзымын.
Талай ақын сомдаған
Татымды астың тұзымын.
Бетіне шаң қонбаған
Айдынның жылтыр мұзымын.
Баспаймын ала сызығын,
Көрсетсін өмір қызығын.
Қия тиер қаймықпай
Алдаспанның жүзімін.
Қара суық бойды ұрған,
Төрт мезгілдің күзімін.
Жасқанбай айтар пікірін
Ұлылардың ізімін.
Қатарыммен тең өстім,
Жақсылармен кеңестім.
Өмір базар нарқында
Белінен аудым белестің.
Өтсе де түгел елес күн,
Біреудің нанын жемеспін.
Жеті қырлы жігітпін,
Мен періште емеспін.
Өршіл рухты жанмын мен,
Өлеңім барда өлмеспін.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter