Өлеңдер ✍️
САҚАРИЯ ЖЫРЫ
Адам да бір су сияқты, бұлаң қағып ағатын...
Бір жағында Сақария, бір жағында мен бармын.
Еңістерден ылдилаған су ақырын тамшылар,
Су басында шөлдеп тұру – тағдырымда бар шығар.
Бəрі ағады: өзен, тарих, жұлдыз, адам саналы,
Арналар қос: бірінен нұр, бірінен кір ағады.
Үлкен-кіші барша əлем ағыстардан тұрғандай,
Анау тұрған шөкім бұлттар өзен кегін қуғандай!
Сақария басқа бірақ, өрге қарай өрлеген,
Кеудесіне көбік толып, қорғасын жүк кернеген.
Тырмысады ол, өрге қарай өршелене жұлқынып,
Əй, Сақария, бөгет қойса, қалар ма еді жыр тынып?
Жаратқанның əмірі болса, қабағың да ашылар,
Сақарияның арқасына түрік тарихы басылар.
Əттең, сорлы Сақария, қайдан ғана болдың кеп,
Күресіміз – қиын, жетім, ұлы əрі зор міндет.
Сын түсіпті Сақария, таңданамын шамаңа,
Мың бір басты қыран құсты қалай жеңер шағала?
Аманатты арқаланар адам – дейтін ақылым,
Құл болады, дүние-мүлік, мəртебеден мақұрым.
Умен піскен бір түйір ет тамағына кептеліп,
Сосын, қалар Отанынан, анасынан, бауырынан шеттеліп,
Енді өкін, Сақария, мұндай мұңды кім көрген,
Табысып ап, құс жолына қашқан ескі күндермен
Жүніс Əміре қайда саған бір кездері жыр айтқан,
Əскерлерің қайда кеткен, күмбездері мұнартқан.
Қайда қазір жомарт Ніл мен жасыл Дунай бұлқынған,
Сарбаздарың қашан қайтар сəн-салтанат жұртынан.
Мұнарадан «Алла бір!» – деп шыққан үнді көсіліп,
Таба алар ма, құйындатып соққан дауыл есірік,
Мұның бəрі саған аян, көкірегім мұң менің,
Сақария, жарық сөніп, түнек болды түндерім!
Тасы, бұрқан Сақария, иінің де бір қансын,
Өз еліңде ғаріпсің сен, Отаныңда ұлтансың!
Адам деген үш тамшы қан, су боп тамшы аққаны,
Бір өмірге кез болдық біз, аузын ашқан қақпаны.
Өтті өткінші шындығы оның, жалған болып келді күн,
Өлекселер, айтыңдаршы, тірілтеді енді кім?
Асса егер Қап тауынан, табар бəлкім, бір күнді,
Адасқандар аңыраған, ақылымды жүн қылды.
Сақария – Анадолының аппақ, адал баласы,
Диуана боп тек біз қалдық, сансыраған санасы.
Сен де, мен де көз жасымен иленгенбіз қамырдан,
Топырақ пен қаннан шығып, нəр алдық бір тамырдан.
Тағдырымыз бұлай болды, қыла алмайсың бір айла,
Осылай боп келген дүние, өтер, кетер, мұңайма!
Табытымыз саған арна, маған төсек болғандай,
Сен аға бер, мен кетейін, Пайғамбарым, жол қандай?!
Бар болмыс пен жол сонікі, қалғаны тек далбаса,
Еңбектедің көп етпеттеп, орныңнан тұр, Сақария!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter