Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
07.10.2022
88
МЕН
Мен – беймəлім соқпақпын жұрттан жүзін жасырған,
Мен – баламын тосыннан өз даусынан шошынған.
Мен – күнəһар пендемін, екі аяғым – көлігім,
Панасымын Алланың, жын-жыбырдың елімін.
Мен – сақшымын, жолаушы маңайыма жуымас,
Мен – орманмын ордалы, ошақ оты суымас.
Мен – желкенмін мəңгі ынтық жағалауға мұз қатқан,
Мен – бақытпын жетімнің көкірегін сыздатқан.
Мен – пендемін сан ойды бір басына қондырған,
«Өзім, өзім...» деп жүріп шаршаған да болдырған.
Мен – Аллашыл адамның мойнындағы парызбын,
Өтеуімін өткеннің, болашаққа қарызбын.
Мен боламын теңіздің тереңінде туылған,
Тоғыз елдің сахибы, тоғыз елден қуылған.
Мен боламын көбелек отқа ұрынған пəруанаң,
Өлі менен тірінің екі арасын жалғаған...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter