Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  142


Автор: Нəжіп Фазыл ҚЫСАКҮРЕК

Рух

Жүз жыл өтсін...
Мың жыл өтсін...
Ол күнім
Оралды жердің жыртып қолтығын!
Жауһар көзді жүзіктейін жалтырап
Шыға келер мені көмген топырақ.
Топырақтың тереңінде тамыр бар,
Тамыр барда таусылмайтын өмір бар!
Қаңсып қалған қаңқа басым, қу басым
Қарғып тұрар шəуі матамен жуғасын!
Тірілермен көріскім кеп, өбіскім,
Шарлап, кезіп кетермін мен жер үстін.
Көзіме ыстық көнбіс мекен, көне жер,
Өгейсімей, маған көңіл бөле гөр.
Көргенім не, өңім бе, əлде түсім бе?
Ей, құбыжық, көлеңкеңді түсірме!
Тұтқындағы фəни дүние аспаны,
Күнің қайда?
Көркіңді кім ластады?
Ішім жылып бір ғажаби жұмбаққа,
Жүгіремін жалаңаяқ құмдақта.
Қала үстінде құс сияқты қалқимын,
Тəтті қиял құшағында балқимын.
Қалған екен іздерім мен иісім –
Өзім туған араладым үй ішін.
«Уф!» деп едім – өшті шаһар шамдары.
Тірілердің тəтті, білем, жандары:
Үлкен қала сап тиылып шаң-шұңнан,
Тыншыды өмір қара терге малшынған.
Терезені теріп қағып байқадым,
Шалт қимылмен шатырларды шайқадым.
Аузымнан шығады өксіп сырлы үнім:
«Қандай ғажап, тірлігің, ей, нұрлы күн?!
Жүзбе-жүз кеп демедің-ау «хал қалай?»
Бітпейтұғын, күтпейтұғын жалған-ай!...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу