Өлеңдер ✍️

  07.10.2022
  132


Автор: ҚАРАЖАОҒЛАН

Қасың да сенің қап-қара...

Қасың да сенің қап-қара,
Қап-қара тағы көздерің.
Өлуге тұрам шақ қала,
Өзіме жетпей өз демім.
Қап-қара жаулық байлап ап,
Тұрасың күліп бақшада.
Жатсам-ау, шіркін, аймалап,
Қойнында түннің қап-қара.
Сұңғақ та бойлы, қыпша бел,
Дидарың гүлдей жайнаған.
Қолыңның ұшын ұстап ем,
Құлпырып кетті-ау айналам.
Қап-қара шашың тағы анау,
Тұратын беріп тым көрік.
Самайдан терім ағады ау,
Тілдесу саған мұң болып.
Менің де қасым қап-қара,
Қап-қара тағы түрім де.
Санай бір көрме басқаға,
Айым де мені, Күнім де.
Бағдатқа келсе, дұрыстап,
Йеменін көрші, Үндісін,
Əкелер қара бұрыш сап,
Тағамның алуан түрлісін.
Меңі бар аппақ қуларым,
Жүзіп жүр көлде шаттана.
Мысырдың көрсең құлдарын,
Олар да тіпті қап-қара.
Арабтарың да қап-қара,
Шараптарың да қап-қара.
Арабқа келіп жататын,
Қонақтарың да қап-қара.
Іздесең бақыт кешікпе,
Аллаһқа болсын құштар жан.
Байтуллаһ дейтін мешіт те,
Қап-қара тонмен тысталған.
Бұлғардың өркеш шыңдары,
Асатын сенен шың бар ма.
Көңілдің айтсам мұңлы əнін,
Құлағын түріп тыңдар ма.
Қос сала боп Бұлғар кетер,
Гүлдер жапқан кең етегін.
Бір жігітке бір жар жетер,
Қайтіп сүйем мен екеуін.
Бұлғар кейде жонданады,
Қымтап гүлді көрпелерін.
Құштарымның сонда бəрі,
Сағыныштан өртенемін.
Секілдімін тордағы жан,
Келді оны қанбай көргім.
Сүйіп тұрып, жан жарынан,
Айырылған жандай болдым.
Түсімде де көрем сені,
Жақсылыққа жорыдым.
Каражаоғлан өр еңселі,
Киді құлдың бөрігін.
Асау көңіл кезіп-кезіп келерсің,
Кейде аяңдап, кейде, мүмкін, желерсің.
Бал арасы секілденіп гүлдерге,
Тозаңыңды тоқтамастан себерсің.
Биле, көңіл, еркіңді,
Мен шекпейін дертіңді.
Қобызды да, сырнайды да тартарсың,
Үйрекке де, қазға да үміт артарсың.
Қос алмасы шертіп тұрған аруды,
Отты көзбен анадайдан байқарсың.
Бұзба, көңіл, сертіңді,
Мен шекпейін дертіңді.
Кеудесі зор, асқаққа да қарарсың,
Жал-құйрығы сүзілген жақсы атқа да қарарсың.
Əр сұлумен жатсам деген балбырап,
Ақырындап мақсатқа да барарсың.
Тасыма, көңіл, сел сынды,
Мен шекпейін дертіңді.
Каражаоғлан, өлеңді де жазарсың,
Бір өзің бір жайнап тұрған базарсың.
Керуен тонап, қырсық шалып жүрмесін,
Онсыздағы бақытыңды табарсың.
Өшір, көңіл, өртіңді,
Мен шекпейін дертіңді.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу