Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  232


Автор: Нұржан Наушабаев

КЕҢЕС

Аздап кеңес жазамын
Осы дәптер, қағазға.
Ақымаққа таяқ деген бар,
Ақылға нұсқа сабазға.
Ағайын болсаң, тату бол,
Әуес болмай аразға.
Ризық болар талаптан,
Жарлы болсаң, тағы азба.
Малды болсаң, мақтанба,
Сал көзіңді малы азға.
Жалғыз болып, бар болсаң,
Дәулетің болар туғаның.
Нашар болып, көп болсаң,
Көп те болсаң, сынғаның.
Жақсылық етсең, сөйлеме,
Ысырап болар қылғаның.
Жасында өнер білмесең,
Өскеніңде білмессің,
Бәйтеректей майыспай,
Қақырайып тұрғаның,
Досыңа жаман сөйлесең,
Өзіңді өзің ұрғаның.
Шақырып қызмет қылмаса,
Қыдырып, жүрме есікке.
Қыдырған себеп болмайды
Тәңірі берген несіпке.
Құдайдан дәулет сұрасаң,
Харам қоспа кәсіпке.
Дұшпанды жеңсең, достық ет,
Женген сайын өшікпе.
Женген жауға қатын ер,
Өне бойы қорқытып,
Тығамын деме тесікке.
Бұл заман да бір бала,
Көрмегенге нанбаған.
Екі достың арасын
Айырады оңбаған.
Аға болмас ауылға,
Өз алдына қонбаған.
Балаң әдеп біле алмас,
Сабақ алмай молдадан.
Кеңесі бидің келіспес,
Үлгі алмай ордадан.
Жауда қалар жолдасы,
Өзінің басын қорғаған.
Жақсы жолдас сол болар,
Шашпай сырын жинаған.
Жаман жолдас сол болар,
Тар орында қинаған.
Көрші қоғам болғаны,
Ауылдың малын жинаған,
Баланың асыл болғаны,
Ата-анасын сыйлаған.
Ер нысапсыз болғаны,
Жастағы жеңіл мінезін
Қартайғанша тыймаған.
Милы адамның белгісі
Сөзі шықпас шашауға.
Бәрі бір деп тоқпақпен
Ұрма балта қашауға.
Негізі жаман жасықты
Қайтадан болмас жасауға.
Білімсізді үйрету
Салғандай құрық асауға.
Асылдың ізде нәсілін,
Басыңды әуел қосарға.
Абыройсыз қалғаның,
Басыңды қоссаң осалға.
Ойлап істе әр істі,
Бөрік ал десе, бас алма.
Достық еткен досыңа
Атамын деп тас алма!
Дос жылатар достықпен,
Күлдірер дұшпан қастықпен,
Жоқ нәрсеге ашу қып,
Жүгіре көрме бақанға.
Арсылдаған қасқырдай,
Жабыспа бекер сақалға.
Қомағайлық білдіріп,
Көп ішінде қақалма.
Ағайынның жаманы –
Алдыңа түсіп, бас болмас,
Артыңа еріп, дос болмас.
Ойлағаны қараңғы,
Көңілі оған қош болмас.
Болмас бала құрысын,
Болатын бала жас болмас.
Балшықты қанша сырласаң,
Асыл гаухар тас болмас.
Екі жақсы бас қосса,
Ізін аңдып, қас болмас.
Ерге бітсе мал, перзент,
Тәңірі берсе, кеш болмас.
Құдайдан дұрыс тілесе,
Ер еңбегі еш болмас...
Іні болмас ағасыз,
Аға болмас панасыз.
Үлде менен бүлде ки,
Сәні болмас жағасыз.
Мінсең-дағы тұлпарды,
Тайғақ мұздың үстінен
Жүре алмайды тағасыз.
Бақыт баста тұрғанда,
Білмесең де данасың,
Лаулап оттай жанасың.
Бақыт бастан көшкен күн
Нардай шөгіп қаласың.
Кәрілік келсе басыңа,
Еңбектеген баласың,
Жолдас болсаң ғылыммен,
Мәңгі өмірде жанасың.
Суды көркем көрсеткен
Шулаған құс пен балығы.
Құсты көркем көрсеткен
Түрленген жұмсақ мамығы.
Күнді көркем көрсеткен
Өсімдік пен тау-тастың
Көтерілген сағымы.
Әкімді көркем көрсеткен
Тең ұстаған халығы.
Әкімдіктен пайда жоқ
Туралығы болмаған.
Байлықтан да пайда жоқ,
Қанағаты болмаған.
Батырлықтан пайда жоқ,
Тәуекелі болмаған.
Биліктен де пайда жоқ,
Әділдігі болмаған,
Шешендіктен пайда жоқ,
Тілмен ою оймаған,
Сөзді орнына қоймаған.
Ажал оғы жеткен күн
Табаны кімнің таймаған?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу