Өлеңдер ✍️
ҚЫЗЫЛ ЕТІК
Қылығымен тентектеу бұзып өтіп,
Жүретұғын етегін ұзын етіп,
Қара қыз-ай секеңдеп басатұғын,
Киіп алып кішкентай қызыл етік.
Кіп-кішкентай өзі де, аяғы да,
(Еркін өскен даланың саяғы ма?)
Жалт етеді бір сезім, оны көрсем,
Баяғыда жоғалған, баяғыда.
Жарасады қиқарлау қылығы да,
Желбіреген желбегей тұлымына.
Жарасады тентектеу көздеріне
Тұнып тұрған тұңғиық сыры мына.
Сезсем де мен өтірік сезбедім бе,
Өзімді өртеп жүрген бұл өз демім бе?
Ол бар жерде, әйтеуір, көрінеді
Еркелігі жасанды өзгенің де.
Қайтып басам сезімді жаңа қызған,
Қайтсем мынау көңілді алағызған.
Көріп болдым өз басым көресіні,
Шынашақтай осы бір қара қыздан.
Бір күн ыстық боп кетті бір күнімнен,
Сыймай шығар бір түні сыр тілімнен.
Қайтсем екен, қара қыз, сірә, сені,
Алып кетем алысқа бір күні мен.
Қылығымен тентектеу бұзып өтіп,
Жүретұғын етегін ұзын етіп.
Қара қыз-ай секеңдеп басатұғын,
Киіп алып кішкентай қызыл етік.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter