Өлеңдер ✍️

  03.10.2022
  192


Автор: Төреғали Тәшенов

АҚЫН МОНОЛОГЫ

Төлеген Айбергеновке
Демедім қайда асығам,
Жағыма ұштым қалаған.
Теңіз бе мынау тасыған,
Оған да жоқпын қараған.
Демедім қалай басылам,
Оған да жоқпын қараған,
Бұрылмай өттім қасынан,
Бірін де жоқпын санаған.
Шарасымен-ақ көзімнің
Дүниені мынау аунаттым.
Демімен мынау сезімнің
Теңізді шайқап жарға аттым.
Жалғызсырар деп жалғыздан
Айды да барып құштым мен.
Жерге түсті ме жалғыз дән,
Оны да тістеп ұштым мен.
Жаңбыр да болып төктім мен,
Ащы тер болып ақтым мен.
Найзағай болдым көк тілген,
Жұлдыз да санап жаттым мен.
Бой бермей ақыл-санаға,
Жүректі қайда салмадым.
Талпынып қанша жағаға,
Алқынды қанша арманым.
Жыр толып кейде көзіме,
Өзіме қарсы жүрдім мен.
Бақытты білдім сезіне
Жасынан көздің іркілген.
Басылған тулап тамырым,
Түсінгем ақыры өзім де,
Таулардың ұлы сабыры
Тоқтатқан мені кезінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу